
Қазақ халқы ежелден жер-жерге ат қоюда ырымшыл және табиғи құбылыстар мен ерекшеліктерге баса назар аударатын болған. Белгілі бір өлке атауының өзіндік терең тамырлы тарихы, топырығаққа тоғытылған өткені бар. Бетін ашып, қазбалай берсең тереңіне жетпесің де шындық. Қазіргі жаңа Қазақстанда да Кеңестік заманнан қалған атауларды өзгертіп, төл мәдениетіміз, әдебиетіміз, тіршілік салтымызға байланыстылары берілуде.
Осы ретте ономастика саласында атқарылып жатқан ілкімді істер үнемі көңіл қуантуда. Әсіресе, аудандағы ескілік атаулар өзгертіліп, өңірдің өр тұлғаларының есімі арқалауы құба құп.
Аталған саладағы жұмыстарды айшықтау, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және әр өңірдің тарихи құндылықтарын жаңғырту мен ономастика саласының маңыздылығын түсіндіру мақсатында аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен «Ұлттық ономастика – ел айнасы» тақырыбында аудандық байқау ұйымдастырылды. Оған ауылдық округ әкімдігінің тіл саясатына жауапты мамандары, мектептің қазақ тілі мен тарих пәнінің мұғалімдерінен құралған топтар қатысты.
Төрт кезеңнен тұрған дода өте тартысты өтті деуге толықтай негіз бар. 12 команда жинақталып, әр кезеңде өздерінің білімдері мен тапқырлықтарын барынша көрсете білді.
Алғашқы кезеңде топтар өздерін еркін тақырыпта таныстырып, елді мекендері жайында қысқаша ақпарат берсе, екінші сында округ тарихы бойынша портфолио әзірлеп, тарихын толық қамтыды. Үшінші кезеңде ұяшықта берілген суреттерді қарап, берілген киелі жерлер жайында білімдерін таразылады. Төртінше кезеңде тіл, жарнама, ономастика және құжат толтыру бағыттары бойынша суалдарға жауап беріп, өзара бәсекелесті.
Жарыс соңында төрешілер тарапынан аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Айгүл Хиаг, «Алакөл» газетінің бас редакторы Алмат Есенбеков, жас ақын Қадырсұлтан Нүсіпхан сөз сөйлеп, қатысушылардың кемшіліктері мен артықшылықтары жайлы айтып өтті.
Дода қорытындысы бойынша үшінші орынға Көлбай ауылдық округінің командасы лайықты деп табылса, екінші орынды Арқарлы ауылдық округі қанжығалады. Ал жүзден жүйрік шыққан Жанама ауылдық округінің командасы бірінші орынның мінберіне көтерілді.
Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар, арнайы дипломадар табысталып, бұдан бөлек тағы да төр команда ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
А.МУСЛИМ.