Ұлы жолдың ізімен

Шетіне жетпей жылқысы жығылған, шегін көрсетпей түйесі өлген ұлан-ғайыр атырап Жетісу өлкесінің жомарт даласын басып өткен Ұлы Жібек жолының ізімен бүгінде Елбасымыздың бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында «Рухани керуен» жолға шыққан болатын. Үш айға созылады деп жоспарланған сапардың жиырмасыншы күні алқалы топ ауданымызға да арнай ат басын бұрды. 50-ге жуық білікті де білімді азаматтардың басын қосқан облыстық дін істері басқармасының игілікті істері рухани кемелденуге ұмтылған өркениеттің санасын жаңғыртуға тың серпін сыйламақ.

 

 

Керуен өкілдері аудан активімен кездескеннен кейін «Ақпараттық түсіндіру жұмысы – діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейді» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған ауыл әкімдері, мектеп директорлары мен дінтану пәнінің ұстаздары қатысты.

Алқалы жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов ашып, жүргізді.

Алғы сөз алған «Ұлы Мұра» қорының директоры, теолог маман Н.Нүсіпханов: «Ұлт руханиятының рухани тұрғыдан дағдарысқа ұшырамауы үшін мәдениет, әдебиет, тарих, дін сынды құндылықтарын ұлықтағандары абзал. Осылардың арасында ішкі жан-дүниесі азғындағандарды ақ жолға түсіретін ол – дін. Қазіргі таңда терроризм мен экстремизм ұғымы әлемдік проблемаға айналып отыр. Ал, бұл түсініктер хақ Исламның атымен қосақталып айтылатыны тағы бар. Шынтуайтқа келсек лаңкестік және содырлық әрекеттердің белгілі бір діні жоқ. Оның астарында геосаясаттық, геоэкономикалық мәселелер бұғып жатқандығы мәлім. Демек, бұл діни емес саяси қақтығыстар» ,- дей келе деструктифті идеолигия мен жат ағымдардың зардаптары жайлы кең көлемде түсінік беріп кетті.

Келесі болып мінберге көтерілген облыстық «Жетісу» гезеті бас редакторының орынбасары Ж.Әміреев пен ҚР мәдниет қайраткері А.Қармысов әдебиет, өнер, мәдениет, музыка және басты тақырып болған діни тұрақтылық жайлы тұщымды ойларын ортаға салды.

Артынша аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Дінаралық татулық – болашаққа нық қадам» тақырыбында діни бірлестік жетекшілерімен кездесу ұйымдастырылды. Аталмыш жиында теолог маман Н.Нүсіпханов, облыстық «Жетісу» гезеті бас редакторының орынбасары Ж.Әміреев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов, ауданның бас имамы Ә.Омарханов сөз сөйлеп, дін төңірегіндегі түйткілді мәселелерді қозғады. Қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, көтерілген тақырып қызу талқыға түсті.

АЛМТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: