Адам бойына Алладан даритын ең ұлы қасиет – адамгершілік. Сондай-ақ Жаратушы иеміз әрбір пендесінің жүрегінен көрсем деген құндылығының бірі – қайырымдылық.
Қайырымды болу, қайырымдылық жасау – ең жағымды қасиет. Бұл дегеніміз адам баласының рухани құндылықтарды биік ұстауы, өзінің таза ниетімен ерекшеленуі.
Қазағымның әрбір нақыл сөзіне терең үңіліп қарасам, ең басты түпкі ой – адамгершілікті, рухани байлықты, қамқорлық пен жанашырлықты сана сенімімізге сіңіріп, мінез қылып қалыптастыру екен. Қазіргі қоғамда адами құндылықтан қарағанда материалдық бағалау жағы сәл жоғары тұрғаны жасырын емес. Кейде адамдар пендешілікке салынып бауырмалдылығымызды, қарапайымдылығымызды ысырып қойып жатады. Заман өзгерген бе? Адам өзгерген бе? Өкінішке орай жомарт жандарымыз азайып, өз басының пайдасын бірінші кезекке қоятындардың саны артуда. Бұндай ашкөздік, сараңдық адами кейіпті жоғалтуға, пейіліңнің тарылуына әкеліп соғатынын ескере жүру керек.
«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»,- деп Абай атамыз айтып өткендей, бір-бірімізге қамқорлық танытып, қолдан келгенше көмекке қол ұшын созу арқылы жыртығымызды жамап, демеу бола білеміз. Осы тұста айта кетсек, ауданымыздағы «Диана» қайырымдылық қоры атты қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуға септесіп жүрген азаматтарымыздың ұйымы бар екенін бірі білсе, бірі білмей жатады.
Бұл қайырымдылық қор 2019 жылы рамазан айында «Диана» құрылыс дүкенінің басшылығының ұйымдастыруымен қолға алынды. «Алла адамға бекерден-бекер ой салмайды» демекші, бұл бастама дәл қадір түнінде ойға алынып, қазіргі таңда ауданымыздағы мұқтаж жандарға қолғабыс болып отыр.
Аталмыш ұйым осы күнге дейін 20 отбасына баспана сыйлап, 100-ден астам адамның қуанышына кеңелді. Қайырымдылық қордың басты мақсаты да әрбір қазақтың үйлі болуына, бақытты болуына себептесу.
«Ауданымызда қайырымдылық жасауға асығып, жомарттық танытып жүретін азаматтарымыз баршылық. Жақсылық жасасаң, жасырын жаса демекші бұл қорға әркез демеу болып, қаражатпен де, басқа да көмектер көрсетіп жүретін тұлғаларымыз өз есімдерінің аталғанын қаламайды. Бұл әрекетті менде қолдаймын, себебі шын жүрекпен, таза ниетпен жасалған дүниелер біреудің мақтауын қажет етпейді. Бұндай мейірімділік міндетті түрде мың есе болып сол жанға оралары сөзсіз. Біздің ұйым бірін жақсылықтан үміт үзбеуіне, енді бірін игі іс жасауға жетелеуде. Алдағы уақытта әлі талай алакөлдіктердің қуанышына ортақтасамыз деген сеніміміз бар»,-дейді қор жетекшісі Қ.Қапар.
«Диана» қайырымдылық қоры ауданымыздағы баспанаға мұқтаж жандарға үлкен көмек. Ұйым жетекшісі Қалибек ағамыз: «Өңіріміздегі әрбір ауылдық округтің әкімімен тікелей байланыста болып, тұрғындардың жәй-күйімен әрдайым хабардар боламын. Қаражат жинамас бұрын ең алдымен шын мәнінде көмекке зәру кейіпкерімізді іздестіріп, сол адамның расыменде баспанаға қажеттілігін анықтаймыз. Әрмен қарай үй қарастырып, керек теңгені жинауға кірісеміз»,- дейді өз сөзінде.
Өткен жылдың 16 желтоқсанында Еңбекші ауылының тұрғыны Сәрсенбековтер әулетіне 20-шы үйдің кілті табысталған тұғын. Тәуелсіздік алған күнімізбен қатар үйлі болып, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген еңбекшілік көпбалалы отбасымыз да жеке тәуелсіздіктерін алды десек те артық айтпағанымыз.
«Жаңа қонысымызға кіріп, өз үйіміздің ошағын түтетіп отыруымызға себепкер болған «Диана» қайырымдылық қорына деген алғысымыз мол. Әрбір мұқтаж отбасы үйлі болуды армандайды. Бізде талай жыл баспаналы болуды аңсадық. Міне, бүгінгі таңда 7 баламды жылы ұямызда осындай қайырымды болуға, әрдайым адамгершілік қасиетті ұмытпауға тәрбиелеудеміз. «Адамнан емес, Алладан сұра» дейді ғой, тілеген дұғамыз қабыл болып, орындалуына себепші болған да осы ұйым», — дейді Бақытгүл анамыз.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, аталмыш ұйымның ұжымына, көмек қолын созып, демеу болып жүрген қарапайым халықтың жомарттығына риасыз, шексіз алғыс білдіреміз. Осы уақытқа дейін 20 отбасы баспаналы болса, ендігі кезекте жылына 20 үйден берілуді нәсіп етсін. Матералды емес, рухани құндылықтарға бай болайық. Жақсылық жасаудан жарысайық. Себебі ұлылық – қарапайымдылықта.
Ж.КУМПЕИСОВА