Тәңіріміз тарту еткен тәуелсіздік күні қарсаңында өңіріміздің мәдени өмірінде айшықты өзгеріс орын алды. Өтпелі кезеңде қараусыз қалып, сұрқы кеткен Бұлақты ауылындағы мәдениет үйі қайта жыңғыртылып, пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Ә.Жақанбаев Елбасымыздың соңғы мақаласының басты тақырыбына айналған жұрттың рухани жаңғыруына осы өнер ошағының да үлкен септігі тиетінін тілге тиек етіп, аталмыш нысанға жөндеу жұмысын жүргізген мердігерлерге «Алғыс хат» табыстады.
«Мега Сервис» құрылыс компаниясының басшысы А.Қожекенов жиналғандарды қуаныштарымен құттықтап, мәдениет үйіне компьютер тарту етті.
Дәмі кетпеген дәстүріміздің ізімен ақ бата беріліп, ақжаулықты әжелердің шашуымен нысанның лентасы қиылды.
Артынша жаңа ғимаратты тамашалауға келгендерге аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылып, әуезді әндер шырқалып, күмбірлі күйлер тартылды.
Алғаш 1987 жылы пайдалануға берілген екі қабатты ғимаратқа Облыс басшысы А.Баталовтың тікелей қолдауымен аталмыш нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Қызметке керекті құрал-жабдықтар да жаңартылды. Мәдениет ошағында жергілікті округ әкімдігі, полиция бөлімшесі, кітапхана, ақсақалдар кеңесі, қоғамдық ұйымдар орналасып, он адамға жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаның жалпы құны 163 млн. теңгені құрады.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.