Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесіне орай аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Оған өңіріміздің мәдени-рухани өмірінде және өнерін өрістетуде өзінің айшықты орнын қалыптастыра алған азаматтар қатысты.

Келелі кездесуді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембаева ашып, жүргізді.
Сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов мәдениет қызметкерлерінің аудан тынысындағы елеулі орны мен ерен қызметтерін атап өтіп, өнер әлемінде және халықтың рухани байлығын еселеу жолында ерекше қызметімен танылып жүрген жерлестерімізді марапаттап өтті. Атап айтсақ, аудан әкімінің Құрмет грамотасын Ж.Бұрғанбаева мен И.Абдухаликова иеленсе, өңір басшысының Алғыс хаттары С.Дүйсенбаева, М.Қалиева, Ш.Керімбаева, Г.Қожабергенова, М.Гайворонскаяға табысталды. Сондай-ақ мәдениет саласының ардагер қызметкері Г.Кәрімқызының зейнетке шығуына орай құрмет көрсетіліп, әр қазақтың шаңырағында тұруы тиіс қасиетті домбыра табысталды. Және де аудан әкімінің орынбасары А.Абдиновтың Алғыс хатымен А.Ұзабаева, Р.Аитова, Н.Мұсанова сынды азаматтар марапатталды.

Қабанбай ауылдық мәдениет үйінің директоры Г.Голубева аталған сала қызметкерлерінің мойнына артылған жүктің салмағына тоқталып, жас ұрпақты рухани-мәдени тұрғыда тәрбиелеу, олардың бойына түрлі өнер мен ұлттық құндылықтарымызды сіңіру артылғанын айтып өтті.
Көктұма ауылдық кітапханасының кітапханашысы К.Ермырзаева ең бағалы дүние саналатын кітаптың жастардың адами болмысын қалыптастыру мен білімін жетілдірудегі орасан орнын тілге тиек етіп, өзінің талай жылғы қызметінің жемісті және жеңісті тұстарын сөз етті.
Сахнаның сәнін, әр шараның мәнін келтірер мәдениет қызметкерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Өңіріміздің өнердегі еншісін, рухани қазынасын байытуда аянып қалмаңыздар. Алда алар асуларыңыз көп болып, биік белестерде көріне беріңіздер.
А.ЕСЕНБЕКОВ.