Мәңгі өлмес мұра

«Дамыған, кемелденген ел» дегенді тек бір жақты түсінуге болмайды. Бұл тек экономикалық жағынан жетілген, әлеуметтік жағдайы тұрақты мемлекет емес, рухани тұрғыдан да жаңаша жаңғырған, өрлеген ел болуы керек. Сол себепті де қазіргі таңда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының өзектілігі артып тұр.

Аталмыш бағдарлама аясында Жетісу жерінде «Рухани керуен» жобасы жүзеге асырылуда. Алматы облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен сапарға шыққан жұмыс тобы өткен аптада ауданымызға ат басын тіреп, бірнеше игі шаралардың өтуіне түрткі болды. Атап айтсам, тәрбиелік мәні зор кездесулер, сурет және кітап көрмесі, дөңгелек үстелдер, зиялы қауым өкілдерімен сұхбат, үгіт – насихат жұмыстары, спорттық жарыстар.

Артынша игілігі мол жобаның өңіріміздегі қорытындысы ретінде З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде «Рухани мұра» атты концерт өтті. Шара барысында облыс және аудан өнерпаздары әсем әндерін орындап, күмбірлеген күйлерін төгілтіп, көрермендерге дархан даланың баға жетпес мұрасын тарту етті.

Ұлттық сана мен салт – дәстүріміздің жаңғыруына үлес қосып жүрген «Рухани керуен» жобасының мүшелері бұнымен өз сапарларын тоқтатпақ емес, ары қарай Панфилов, Ұйғыр, Райымбек аудандарына бет түзеген топқа сәттілік тілеп, рухани жаңғыру жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын дейміз!

Г.Асенова.

Мәліметпен бөлісу: