Мұра Жаңа кітап жарық көрді

Наурыз мейрамының қарсаңында Алакөл ауданында қуанышты жаңалық орын алды. Қазақ тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі «Желтоқсан көтерілісіне» қатысушыларға арналған «Жадымда жүрген Желтоқсан» атты кітап жарық көрді.

Бұнда Алматы алаңын дүр сілкіндірген көтерілісте қазақ ұл-қыздарының шебін толықтырып, Кеңес үкіметінің солақай саясатына қарсы тұрған алакөлдік өрендердің өмір деректері, еңбек жолдары мен сол оқиға кезінде бастан кешкендері түгенделген. Тоң топыраққа тоғытылған тарих парақтары ақтарылып, ақиқат пен шындық көрсетілген.

Аудан әкімі Алмас Абдиновтың және жергілікті жомарт азамат Рүстем Тұрғанбаевтың демеушілігімен жарық көрген кітаптың авторы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, жазушы, желтоқсаншы Марат Жүніс-Бек.

Аталған кітаптың лентасы дәл Ұлыстың ұлы күні қиылды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен шараға желтоқсаншылар қатысып, өткен күн естеліктеріне сапар шекті.

Сөз алған өңір басшысы А.Абдинов: «Желтоқсан оқиғасы қай қайсымыздың болсын жадымызда мәңгілік сақталып, аға-әпкелеріміздің ерлігі мен өрлігінің айшықты белгісі болып қала бермек. Елдің ертеңі үшін алаңға шығып, қазақ жастарының мысын көрсеткен тұлғалар бүгінгі ұрпаққа темірқазық жұлдызындай үлгі мен өнеге иесі десек те болады. Сол азаматтардың ішінде алакөлдік өрендердің болғаны бізге де мақтаныш. Сіздердің ғұмырнамаларыңыз жинақталып, ғибратты еңбектеріңіз өрнектелген кітап барлығымызға ғасырлық азық»,- дей келе, кітап авторы мен жиналған желтоқсаншыларға алғыс білдірді.

«Алакөлдік желтоқсаншылар да барлық қазақ жастарымен қатар тұрып, болашақ үшін алаңға шықты. Кейін шегінген ешкім жоқ. Мұздай суға малшынып, қарға да көмілдік. Кеңестік қолшоқпарлардың таяғының астында қалдық. Қудаландық, оқудан шығарылып, қызметке орналасуға да мүмкіндік болмады. Сондай азаматтардың ерлігі кітап болып шығуы заңдылық. Бұл құнды жинақта алакөлдік 77 желтоқсаншының деректері топталған. Кейбір жерлестеріміз өз еркімен кітапқа шығудан бас тартты. Үлкен еңбектің жемісі бұл. Талай түндер көз майымызды тамызып, тарихты ақтардық. Нәтижесі міне алдымызда»,- дейді, автор М.Жүніс-Бек.

Деректер жинап, мәліметтердің толықтырылуына тасалысқан белсенді желтоқсаншы Ләззат Мақатқызы да өзінің жүрекжарды тілегін айтып, пікірімен бөлісті.

Шара соңында кітаптың лентасы қиылып, барлық жиналғандарға таратылып берілді. Үлкендер жағы ақ батасын беріп, демеушілік танытқан азаматтарға ақ ниеттерін білдірді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,

Алакөл ауданы.

Мәліметпен бөлісу: