Әр елді өзге халықтардан айшықтап, жеке дара мемлекет ретінде танытатын басты атрибуттары төл рәміздері екендігі мәлім. Сондықтан аталған ұлттық құндылықтарымыздың құнын түсірмей, тиісті дәрежеде құрмет көрсету талқыланбас міндеттер қатарында тұр. Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін еселеу, оларды пайдалану, орналастыру, жою мәселелерінде кемшіліктерге жол бермеу мақсатында аудан әкімдігі жанынан ҚР Мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссиясы құрылған болатын.
Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аталмыш комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері қатысты.
Жиынды өңір басшысының орынбасары А.Абдинов ашып, жүргізді.
Күн тәртібінде аудан аумағында комиссия тарапынан жүргізілген тексеру-зерделеу жұмысының қорытындысы қаралып, Қабанбай, Ақжар, Жыланды ауылдық округтері әкімдерінің есебі тыңдалды.
Сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов зерделеу жұмысы барысында тіркелген кемшіліктер легімен таныстырып, осы олқылықтардың орнын толтыру бағытында қолға алынған істерге тоқталды.
Қабанбай ауылдық округінің әкімі Қ.Қабдылдаев тексеру барысында тіркелген кемшіліктерді жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарын алға тартып, ендігі ретте Мемлекеттік рәміздерге қатысты заң толығымен сақталатынын жеткізді. Айта кетсек, аталмыш округ әкімдігінің ғимарат сыртындағы Мемлекеттік Елтаңба ескіріп, шетінен жарықшақ пайда болса, Мемлекеттің Ту жыртылған. Түнгі жарықтандыру мен құжат мәселесі де сын көтермеді. Сондай-ақ Үйгентас орман шаруашылығы ғимаратында ту ескіріп, жою туралы актілер толтырылмаған. Қабанбай № 1, 3 және О.Молдағожин атындағы орта мектептерінде ұлтық құндылықтарымызды ұлықтау өз деңгейіне жоспарланбаған. Соңғы аталған білім ордасында стандарттарға сәйкес келмейтін төрт ту тәркіленді. Ескере кететін тағы бір мәселе Қабанбай ауылдық аруханасының басшылығы Үйгентас өңірінде орналасқан дәрігерлік амбулаториялардағы Мемлекеттік Туларды түгелдей тұғырынан шештірген. Осылайша өрескел заң бұзушылыққа орын беріп отыр.
Ақжар ауылдық округінің әкімі Е.Жапарғалиев Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, оларға құрмет көрсету, пайдалану бойынша атқарылған, атқарылатын жұмыстарымен таныстырып, тексеріс барысындағы олқылықтардың жуық арада жойылатынын жеткізді. Аталған округте жылдық жоспар бекітілмеген, комиссия құрамы жаңартылмаған. Мемлекеттік рәміздерді жою актілері жоқ. Қоңыр орта мектебінің сыртындағы туды тұғыры қолдан жасалған. Директордың кабинетіндегі Мемлекеттік рәміздердің орналасу тәртібі талапқа сай емес.
Жыланды ауылдық округінің әкімі С.Копчикбаев өз баяндамасында жыл бойына істелген іс-шаралар жайында сөз етіп, тіркелген кемшіліктерді жою жұмысы қарқынды жүріп жатқандығын тілге тиек етті. Айта кетсек, аталмыш округте Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жоспары құрылмаған. Әкімдік ғимаратының сыртындағы тудың тұғыры стандартқа сай келмейді. Жыланды мектеп лицейі директорының кабинетіндегі тудың тұғыры қолдан жасалған. Білім ордасының қоймасынан 3 дана пайдаланылған және 3 дана стандарттарға сәйкес келмейтін тулар сақталған. Жыланды балабақшасы басшысының кабинетінде ту елтаңбасыз орнатылған.
Сондай-ақ Екпінді, Теректі, Сапақ, Тоқжайлау, Үшбұлақ, Қызылащы, Көлбай ауылдық округтерінде де біршама кемшіліктер тіркеліп, қазіргі таңда оларды жою жұмыстары жүргізілуде.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов тиісті бөлім, мекеме басшыларына арнайы тапсырмалар беріп, жұмыстың жүйелі жүргізілуін міндеттеді.
А.ЕСЕНБЕКОВ.