Мақаланың мәні түсіндірілді

Соңғы екі жылдықтың резонансына айналған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы тағылымды туындысының заңды жалғасы болып табылатын жуырда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты Президент мақаласын талқылау мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде «Алакөл – Қамқор» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен келелі кездесу өтті.

Оған ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, мектеп директорлары мен тарихшы мамандар, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, белсенді жастар қатысты.

Аталмыш кездесуді аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов ашып, жүргізді.

Сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ә.Ғали қазақ тарихының, ұлт болмысының жеті артықшылығы айқын көрсетілген мақаланы толықтай қамтып, түсіндіру жұмысын жүргізді. Ол өз сөзінде: «Ел басында отырғандар көбіне саясат, экономика, қаржы тақырыптарын ғана қозғап, мәдени, әдеби, тарихи жақтарын ұмыт қалдырып жатады. Бұл ретте «Ұлы даланың жеті қыры» атты Ұлт көшбасшысының мақаласы өткеніміз бен кеткенімізді қопарып, әлемге паш ететіндей үлгілі тұстарымызды айшықтап берді. Дала жүйрігін алғаш ерттеп мініп, ұлан-ғайыр атырапы билеп-төстеген халқымыздың төл мінезі мен тарихы көрініс тапты»,- дей келе далалықтарды дара еткен жеті қыры жайлы сөз қозғады.

«Алакөл – Қамқор» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Р.Нүсіпова мақаладағы басым бағыттар жөнінде әңгіме өрбітіп, тарихымызды түгендеген туындының маңыздылығын түртіп өтті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов өткеніміздің өнегелі тұстарын баса көрсеткен құнды құжаттың өзектілігін сөз етіп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: