Бүгін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев дәстүр бойынша Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, таяу жылдардағы даму перспективамызды айқындап, мақсат-міндеттерді тізбектеп берді.
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауда ақша-несие саясаты мен фиксалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңыздылығы, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажеттілігі, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу жолдары, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алуғ халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, әкологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын дәріптеу, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру секілді тақырыптар төңірегінде сөз қозғалды.
Қарап тұрсаңыз барлығы да экономикалық дамуымызды жеделдетуге, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, деннің саулығын сақтауға бағытталған бағдарлы қадамдар. Соның ішінде бұқаралық спортты дамыту мәселесінің мінбердлен көрінуі көңіл қуантады.
Президент өз сөзінде:
«Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше
мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек.
Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында
мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен
басымдықтарға тоқталдым.
Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын»,- деді. Шынымен де спорттың жалпыхалықтық сипат алуы, салауатты өмір салтының трендке айналуы құптарлық дүние. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын тың жол іздеу тікелей осы спортпен шұғылдануға келіп тірелетіні мәлім. Сондықтан да бұқараның, әсіресе жастарды осы бағытқа әуес болуы аса маңызды деп білемін.
Айқын мақсаттар бар, ендігі керегі тек әрекет. Сөзден іске көшіп, батыл қадамдар жасай білейік.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
бас редактор.