Майдангер ұстаз ұлықталды

Ұстазды ұлықтау – шәкіртке аманат. Жайпақ ауылында ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының майдангері Нұрғызарын Тайбатоұлының туғанына 100 жыл толуына орай, «Ғибратқа толы ғасыр-ғұмыр» деген тақырыпта еске алу кеші өтті.

Бұл іс-шара Жайпақ ауылындағы Нұрғызарын Тайботаұлы қызмет еткен М.Төлебаев атындағы орта мектепте болды. Салтанатты жиынға ардақты ұстаздың шәкірттері, ұжымдастары, мектеп оқушылары, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы және БАҚ өкілдері мен Нұрғызарын Тайботаұлының жары мен балалары қатысты.

Нұрғызарын Тайботаұлы Жайпақ ауылындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық және география пәнінен сабақ берген. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, Қазақ ССР ағарту ісінің озық қызметкері атанған.

Бұл іс-шараға мектеп оқушылары да құр алақан келмей, өз өнерлерін ортаға салды. Бірі әсем әнмен қонақтарды бір серпілтіп алса, домбырашылар күйден шашу тартып, жоғарғы сынып оқушылары әскери дайындықтағы қоян-қолтық ұрыстан қойылым қойды. Сондай-ақ автоматты құрап жинау бойынша облыстық жарыстарда жүлдегер болып жүрген оқушы іс жүзінде мықтылығын тағы бір дәлелдеді.

Шара соңында Нұрғызарын Тайботаұлының жары мен балалары жиналған жұртқа рахметін айтып, Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлық табыстады. Сондай-ақ география және алғашқы әскери дайындық сыныптарына арнайы ақшалай көмек көрсетті. Майдангер ұстаздың отбасы мүшелерінің айтуынша, бұл қаржылай көмектің басы ғана. Болашақта кабинеттерді жөндеуден бөлек, М.Төлебаев атындағы орта мектептің үздіктерден үздік шыққан оқушысына стипендия тағайындау да жоспарда бар. Бұл үрдіс биыл мамыр айынан басталады деп күтілуде.

А.СҮЛЕЙМЕН.

Мәліметпен бөлісу: