Мал ұрлығын болдырмау үшін…

Бүгінгі таңда ел аумағында төрт түлік төлінің жоғалуы мен ұрлығы жиілеп тұрғаны жасырын емес. Тіпті бос жүрген малдардың кесірінен жол апаты оқиғалары да тіркеліп, адам шығыны да орын алуда.

Осы ретте Алакөл аудандық полиция бөлімі мал ұрлығының алдын алу мен мал шаруашылығындағы заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында ескертпе жасайды.

Біріншіден төрт түлікті күтіп-баптау мәселесін шешу үшін әкімдік-шопан-мал иесі арасында үш жақты келісім жасалып, ретке келтірілуі керек. Бұл өз кезегінде ірілі-ұсақты малдың жоғалуының, сондай-ақ қадағалаусыз қалуының алдын алмақ.

Екіншіден көшеде, қоғамдық орындарда бос жүрген малдардың иесіне тиісті мөлшерде айыппұл салынатынын да ескертеміз. Қала яки ауыл ішінде иесіз жүрген төрт түлік төліне арнайы қадағалау болмаса көшені ластау, гүлзарларды бүлдіру, арнайы өсірілген ағаш-гүлдерді, көгалдарды жою сынды қиындықтар туындап жатады. Ал мал келтірген шығынды иесі өтейтінін ұмытпаңыздар.

Үшіншіден заңсыз мал тасымалдау, яғни арнайы ветеринарлық анықмалар мен құжаттарсыз мал сату, өзге елді мекендерге тасымалдау ісіне де қатаң бақылау бар. Себебі, мұндай жолмен ұрланған немесе ауру малдар сатылып, ертеңгі күні адам өміріне де қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан да заңсыз мал тасымалдауға да айыппұлдар қарастырылып, арнайы бап бойынша жауапкершілікке тартылатындарыңызда да ескеріңіздер.

Мал ұрлығының алдын алу ең алдымен өздеріңізге байланысты. Қора-жайларыңыздың есігін бекітіп, малдарыңызда қараусыз жібермеуге тырысыңыздар. Ұрлық фактілері орын алған жағдайда қылмыстың ізін суытпай лезде полиция бөліміне хабарласып, өз беттеріңізбен іздеуді кейінге шегерген жөн.

Аудандық полиция бөлімінің тарапынан мал ұрлығын алдын алу, заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында түсіндіру-насихат жұмыстары өз жалғасын таба бермек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл мәселеде де сіздермен біздер болып біріге жұмыс атқарсақ нәтижесі де жақсы болмақ.

Қ.ОСПАНОВ,

аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі.

Мәліметпен бөлісу: