Мемлекеттік қызмет қаһарманы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл елімізде «Еріктілер жылы» болып белгіленіп, бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген азамат еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Өткен жылы Мемлекет басшысы Халықаралық волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігі маңызды екенін атап өтіп, еріктілер қоғамда айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

Әр түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар, әсіресе жастар, студенттер мен оқушылардың ерікті қызметке қатысуы арқылы белсенді өмірлік ұстаным дағдыларын қалыптастыруы қоғам тарапынан айрықша ықыласқа ие болары сөзсіз.

Ерікті азаматтардың қатарында ерікті қызметпен тұрақты айналысатын мемлекеттік қызметшілер де аз емес. Олар өздерінің іс-әрекетімен, яғни көшелерді көгалдандыруға, табиғатты, демалыс орындарын тазартуға, қан донорлығына және басқа да іс-шараларға белсенді қатысу арқылы еріктілер қозғалысының қатарын кеңейтеді және азаматтар арасында құрметке, алғысқа лайықты болып отыр. Мемлекет басшысының бастамаларын жергілікті жерлерде тиісті деңгейде орындау үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің жанынан «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органы құрылып, мемлекеттік қызметшілер арасында еріктілер қозғалысын үйлестіруді, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің ерікті бастамаларын және осы саланың талаптарының үйлесімдігін қамтамасыз етуді жүзеге асырып келеді.

Жетісу облысындағы ерікті мемлекеттік қызметшілердің ішінен ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы — мемлекеттік қызметші Ғазиз Аманжолұлы. Ғазиз Аманжолұлы өзінің негізгі қызметінен тыс уақытта қоршаған ортаны қорғау, мұқтаж азаматтарға көмектесу, сондай-ақ қоғам өміріндегі өзге де мәселелерге белсенді араласып, түйткілді мәселелерді шешуге тікелей қатысып келеді.

Мысалы, экобелсенді ретінде ол елімізде экологиялық мәдениетті арттыруға, аумақтарды тазарту мен абаттандыруға, қоршаған ортаның ластану мәселелеріне назар аударуға  және халықтың тазалық пен табиғатты сақтау үшін жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясын белсенді қолдайды. Әлеуметтік бастаманы іске асыру үшін экобелсенді шілде айында әлеуметтік желілер арқылы Жетісулықтарға хабарлап, нәтижесінде бірқатар мекемелер мен азаматтардың қолдауына ие болды. Сондай-ақ, 2021 жылдан бері өзінің ауласында қоқысты металл, пластик-шыны, макулатура, целлофан фракцияларына бөліп, қоқыс өңдеу мекемелеріне өткізуді әдетке айналдырған. Осы жұмыстан түскен қаржы тікелей «Харекет» және басқа да қайырымдылық қорларына аударылады. Ғазиз Аманжолұлының ақпаратына сәйкес, осы жылдар ішінде қалдықтарды өткізуден түскен 100 мың теңгеден астам қаржат қайырымдылық қорларына жіберілген. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық акциясын қолдау мақсатында Ғазиз Аманжолұлы әлеуметтік бастама көтеріп, осы жылдың 23 тамызында өз қаражаты есебінен Талдықорған қаласында тұратын аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына қоқыс сұрыптауға арналған 100 қоқыс жәшігін табыстады. Бұл бағыттағы тағы бір жұмыстарының бірі – қоршаған ортаны таза ұстау мақсатын көздей отырып әртүрлі жастағы және кәсіптегі адамдарды біріктіретін сенбіліктер мен экологиялық акциялардың ұйымдастырушысы. Экобелсендінің жеке үлгісі әріптестері мен сенбіліктер өтетін елді мекендердің тұрғындарын бастамаға қосылуға және ортақ іске үлес қосуға сөзсіз шабыттандыруда.

Бұдан бөлек, 1985 жылдан бері Қазақстан Республикасының аумағында құжаттсыз тұрып жатқан Өзбекстан Республикасының тумасы Д.Атажановтың мәселесін шешуге атсалысып, биылғы жылы «Қазақстан Республикасының  азаматтығы жоқ куәлігі» деген статуста паспортын алуға көмек көрсетті. Д.Атажанов 2014 жылдан бері Талдықорған қаласының «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында» қызмет алушы және ресми тұрғылықты жері жоқ деп тіркелген болатын. Ғазиз Аманжолұлының айтуы бойынша, қазіргі уақытта қария Қазақстан Республикасының қорғауына алынды және алдағы уақытта оған зейнетақы төлемін тағайындау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Сондай-ақ, Ғазиз Аманжолұлы Талдықорған қаласындағы облыстық мамандандырылған балалар үйінде 2008 жылдан бері бассейннің жұмысы тоқтап қалғандығын әлеуметтік желіге жариялап, нәтижесінде, аталған бассейнге  жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Әріптесіміздің мемлекеттік қызметтегі және қоғамдық жұмыстардағы еңбектері еленіп, марапаттарға ие болуда. Осы уақытқа дейін Ғазиз Аманжолұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен, «AMANAT» партиясы басшылығының құрмет грамотасымен, сондай-ақ, республикалық ұйымдар, басқарма басшылары, орталықтардың директорларының алғыс хаттарымен марапатталды. Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы» жастар сыйлығының «Жас саясаткер» номинациясын, Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы-2024» жастар сыйлығының «Үздік волонтер» номинацияларының иегері. Еліміздің облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларында биылғы жыл алғаш рет өткізілген өңірлік кадр резервінің іріктеу кезеңдерінен өтіп, Жетісу облысының өңірлік кадр резервіне алынған 20 жастың қатарынан көрінді.

Ғазиз Аманжолұлының кәсіби қызметпен қатар, қоғамдық жұмыстардағы өзекті мәселелерге тікелей қатысуы бүгінгі жастарға үлгі. Жеке жауапкершілік пен өз еліне деген сүйіспеншілік азаматтарымызды жақсы жаққа бағыттаудың көрінісі деуге болады.

Оның қоршаған ортаны қорғауға және қоғамдық бастамаларды дамытуға қосқан үлесі құрметке лайық.

Қобылан Тоқбергенұлы Манап,  

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы

Мәліметпен бөлісу: