Мемлекеттік қызмет келбеті


Қазақстан… Антына берік, салтына селкеу түсірмеген, халқына Тәңірдің өзі қолғабыс еткен текті жұрттың атамекені. Шығысынан шұғыласын шаша көтерілген күн де батысқа қарай байыппен қозғалып, игілігін иен даладан тапқан елді қимай кететін атырап. Дала ділмарлары атанған дана бабаларымыздың тұлпарының тұяғы тиіп, қарт материктің қақ ортасынан қара шаңырағының қазығын қаққан құтты өңір. Шибөрідей шүйірілген талай қалың қолдың көзі қадалып, қылышы қынынан суырылса да, намысын найзасының ұшына ілген баһадүр батырларымыздың арқасында қарға адым жеріміз де жау табанында қалмады. Бұл – сонау ғасырлар қойнауында да бұқара мен биліктің, яғни хан мен қарапайым халықтың арасындағы түсіністік пен тиімді басқарушылық саясаттың жемісі.
Енді міне тоқсан бірдің толқыны тулаған мезетте ел егемендігін жариялап, бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің тәубешіл азаматтарының ерен еңбегімен Қазақстан өзінің тұманды өткенінен баянды болашағына қарай нық қадамдар басуда. Дербес мемлекет атанған алғашқы тәуліктерден ел тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы бәсекеге бәс тігіп, рухани жаңғырудың дара даңғылына түскен Қазақстанда мінсіз басқару жүйесін құруды о, бастан көздеген еді. Ширек ғасырдан астам уақыт шамасында түзілген тарихымыздың тарғыл беттеріне зер салып, зерделейтін болсақ, жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің артында сарабдал саясат және мемлекеттік қызметтің тиянақтылығы менмұндалап тұр.
Кешегі «мызғымас одақтан» бөлініп шыққан бірқатар елдер кезіккен қиындықтардың түйінін әлі күнге дейін тарқата алмай жатқанда тәуелсіздігін тәу еткен Қазақстанымыз мұзарт шыңдарды кезегімен бағындырып, серпінді даму жолына түсті. Кешегіден бүгінгі тірлігіміз бақуатты, ертеңіміз бүгінгіден жарқын болып отырған кезеңді де көзіміз көрді. Өткен дәуірде уақытқа кеткен есеміздің орнын толтырып, жоғымызды түгендейтін сәт те осы ХХІ ғасырдың еншісіне бұйырып отыр. Мемлекет болып ұйысқаннан бергі өнегелі өткеніміздің қай тұсына көз жүгіртсек те тиімді мемлекеттік басқару тетігінің қолданылып отырғанын байқауға болады. Тоқсаныншы тоқырау жылдарының қаржылық, дағдарыстық, өндірістік, экономикалық езгісіне төтеп беру жолында атқамінер азаматтардың төккен тері мен кеткен уақыты, сарқылған күш-жігерлері мен қажыр-қайраттарының құны өлшеусіз.
Бұл ретте елдің бүгінгі даңқы мен дақпыртына жетуіне өз салалармен қатар мемлекеттік қызметшілер де орасан үлес қосқаны мәлім.
Қазіргі таңда өзекті саналатын мемлекеттік қызметшінің бойынан табылу керек қасиеттер мен оның кәсіби келбеті төмендегідей шарттарды қамтуы тиіс:

  • ол адалдық асуынан ары аспай, билік тарапынан берілген құзыреттіліктерді тиімді пайдалана алғаны жөн;
  • өз қызметінде қара бастың қамы емес, халықтың мұңы мен игілігіне қарай қадам басқаны абзал;
  • мемлекеттік қаржы қалтаға басатын емес, жұрттың жағдайын оңалтуға жұмсалу керектігін жіті ұғыну керек;
  • мәліметтік ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам яки мемлекет тарапынан оның қаржылық, мүліктік мәселеріне қатысты сауалдар туындауына жол бермеуі қажет.
  • заң талаптарына толықтай сәйкестікте өмір сүріп, шындық шекарасы мен ақиқат ордасынан бір қадым шықпағаны жөн;
  • кез келген лауазымда елдің сенімінен шығып, мемлекеттік қызметтің келбетіне кір түсірмейтіндей еңбек ету керек;
  • қарапайымдылық пен адалдықтың, өзін-өзі ұстау мен тиянақты жұмыскердің, нағыз ісіне берілген майталман маманның үлгісі болғаны абзал;
  • басшылық лауазымға дейін өзі де қатардағы мемлекеттік қызметші лауазымарында болып, әр сатыдағы мамандардың қандай жұмыс атқаратынын жіті түсінуі қажет;
  • мемлекет мүддесіне қарсы яки сыбайлас жемқорлық сынды ғасыр дертіне апаратын әрекеттерді болдырмай, алдын алуда аянып қалмауға тиіс.
    Міне бүгінде қазақстандық мінсіз мемлекеттік қызметшінің айрықша бейнесі осы қалыпта қалыптаспақ. Аталған міндеттерді толықтай орындай алған азамат елдің ықыласы мен алғысын, басшылықтың мадақтауы мен марапатына және лауазымдық өсуге ие болары сөзсіз.
    Ел мүддесі мен халық игілігі үшін күн-түн демей, еңбек майданында жүрген барша мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтаймын. Бұл мейрам осы саладағы майталман мамандардң дақпыртын асырып, даңқын еселей түсетіні де мәлім. Ендеше абырой бигінен шығып, сол шыңдарыңыздан бір адым төмендемей, тек алдыға қадам баса берулеріңізге тілектеспін.

Алмат Есенбеков,
Алакөл аудандық мәслихатының депутаты.

Мәліметпен бөлісу: