Құрметке ие Қайрановтар
Отбасы – бұл мемлекет іргесінің бір тірегі. Яғни, қазақтың «Отан – отбасынан басалады» деген тәмсілі де дұрыс айтылғанын аңғарамыз. Өздерінің өнегелі істері, үлгілі қыметтері арқылы көпшіліктің көңілінен шығып жүрген мерейлі отбасылар біздің де өңірде баршылық.
Қайрановтар отбасы – бүгінде Алакөл ауданының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарыштап дамуына, өңіріміздің мерейін асырып, мәртебесін көтеруге сүбелі үлес қосып келе жатқан жанұя.
Отбасы құндылығы – әулет мүшелерінің өзара сыйластығы мен қоғам арасындағы құрметімен өлшенбек. Бұл ретте бергенінен берері мол, жемісі жерге иілген ағаштай айналасындарға жақсылық шарапаты молынан бұйырып отырған Қайрановтардың қайырымды істерін көптеп тілге тиек етуге болады. Адам баласына алалығы жоқ, өзгенің несібесіне қасық батырып көрмеген әулеттің әдемі ғұмыры өңірдегі талай жанұяға темірқазық жұлдызындай жол көрсетіп, жөн сілтеп отырғаны жасырын емес. «Тасты тесетін судың қуаттылығы емес, тамшының тұрақтылығы» деген тәмсіл де осы отбасыға қаратып айтылғандай. Себебі, бұқара арасында бедел мен ықыласты жылдар бойы өздерінің өнегелі өмірлері, жақынға да, жатқа да берген жылылықтарының арқасында тамшылатып жинаған.
Тал бесіктен талмай, танбай берген тәрбие-тағылымның арқасында ұрпақтары да ұлағат пен ұлылық жолын бағыт етіп алған. Ананың ақ уызымен дарып, әкенің бекзат бейнесінің өзімен бойға сіңген тәлімдері бүгінде Қайрановтар ұрпақтарының тұлғалық қасиеттерін ұлғайтып, даңқ-дақпырттарын да өсіріп отыр.
Негізінде, адам баласын бір бірінен екшеп тұратыны бұл – адал еңбек. Мінсіз шығарма жазу оңай болғанымен, ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру қиынның қиыны. Бұл ретте Қайрановтардың өмірлік сапары мінсіздікке толы екендігін көзіміз көріп отыр. Маңдайдан аққан әр тамшы тердің өтеуі адал еңбек екенін дәлелдеп, әр қадамдарын ізгілік жолында басып келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқа тәрбие тамыры үзілмей, бүгінде өзінің тұғырын бекітуде.
Отанасы Қайранова Алтынхан коммунизм совхозында шопан болып қызмет етіп, бүгінде атқарған еңбектерінің арқасында бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагер ана.
Алтын құрсақты ана 7 бала тәрбиелеп, олардан 20 немере, 31 шөбере сүйіп отыр.
Қайрановтар отбасының мүшелері аудан көлемінде өтетін барлық қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға белсене қатысып келеді.
Аудан тұрғындарына сыйлы азаматтар өздерінің еселі еңбектерінің арқасында бірқатар жетістіктерге жетіп, марапаттарға ие болған.
Алтынхан анамыз бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты жан.
Отбасы үшін балаларының өнегелі, еңбекқор болып өсуінің маңызы зор. Себебі, бұл жанұяның ата-анасы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық касиеттерді биік ұстанады. Отбасында ата-баба дәстүрлерінің басым көпшілігі сақталған.
Қайрановтар отбасы ұрпақтарының дұрыс жолмен жүріп, білімге, ғылымға талпынуына, ата-анасымен бірге ұстаздардың да ықпалы өте зор. Нәтижесінде бұл отбасының балалары терең білім, тәлімді тәрбиемен каруланған.
Отбасы «Өзінді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деп ата-бабамыз айтқандай, бұл әулет мүшелері өзара сыйластыққа, түсіністікке өте ыждаһаттықпен қарайды. Негізгі ұстанымдары «Малым жанымның – садағасы, жаным — арымның садағасы» деп адалдықты, адамгершілікті ту еткен мерейлі отбасы.
Айдана ТЫНЫСБЕКОВА,
аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы.