Таяуда Бақытбек Стамбекұлының мерейлі 70 жасқа толуына орай Үшарал қаласындағы «Тарлан» спорт кешенінде волейболдан жарыс өтті.
Бақытбек Стамбекұлы – 18 жыл мектеп басқарған ардагер ұстаз. Талғар ауыл-шаруашылық техникумында білім жолын бастап, кейіннен Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педогогикалық институтты және Алматы сәулет және құрылыс институтын тәмамдап, инженер-педагог, инженер-құрылыс мамандығын алып шыққан. Мектепке басшылық еткен жылдары 5 алтын белгі мен 30 үлгілі аттестат иелері түлеп ұшқан. Түлектердің ішінде 150 оқушы грант ұтып алып, 300 оқушы жоғары білім алған. Екеуі медицина саласы бойынша қызыл диплом иегері атанған. Сондай-ақ елімізге белгілі журналист, тележүргізуші Аман Тасыған, «Жетісу» волейбол командасының ойыншысы Айбек Жақсылықов, Талдықорған қаласындағы әскери авиабазаның бөлім командиріне дейін көтерілген, Түркиядағы оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдаған ұшқыш Ерлан Науанов сынды танымал шәкірттерді де тәрбиелеп шыққан.
Енді шәкірттері жиналып, ардагер ұстазын ұлықтап, 70 жас мерейтойына орай волейболдан аудандық жарыс ұйымдастырып отыр. Шара барысында Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Ибраимов сөз алып, ардагер ұстазды мерейтойымен құттықтап, алхыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ аудандық «Аманат» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Қ.Көкебаев және т.б. құрметті қонақтар ақжарқын тілек білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа ауданымыздың түкпір-түкпірінен 14 команда қатысқан. Екі топқа бөлініп сайысқа түскен спортшылар «Тарлан» спорт кешені мен №1 орта мектебінде шеберлігін көрсетті. Нәтижесінде «Алтын дән» командасының мерейі үстем болып, бірінші орын иеленсе, Қызылащы ауылының командасы тұғырлы екінші орынға ие болды. Ал Қайнар ауылының команадасы жүлделі үшінші орыннан көрінсе, Жайпақ ауылының волейболшылары төртінші орыналды.
А.Әбитұлы