Мешіт – ұрда-жық қылатын емес, құлшылық қылатын орын


Әлеуметтік желіде тараған мына бір оқиғаны баршаңыз көрген шығарсыздар? Оқиға 12 мамырда, кешкі ақшам намазы уақытында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болған көрінеді. Өзге өңірден Шымкент қаласына келген бір топ азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған. Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесіне қарсы әрекет еткен.

«Әмин» дұғасын іштен айту керек» деген ескертпеге қарамай есірген жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші бір азамат олардың біріне қол жұмсап, тентекті тезге салғысы келген. Осы оқиғадан соң мешіт имамы жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған. Бұл көріністің бәрі бейнебақылау камераларына түсіп қалып, әлеуметтік желіде тараған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы: «Мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырамыз. Еске сала кетсек, ҚМДБ бекіткен «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады», — деп мәлімдеме жасады.

Осы оқиғаға аз-кем ой қоса кетсем. Негізі, мешіт ордасы – құлшылық ететін  орын. Бұл жерге адамдар діни рәсімдерді, құлшылық парыздарын орындау үшін жиылады. Алайда, осы мешіттің өзінде түрлі жамағат өкілдері кездесетіні жасырын емес. Оларды жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен, діни атрибутикасынан, шаш қою, сақал қою ерекшеліктерінен айыруға болады. Ең басты ерекшелік – мінез-құлқында. Байқасаңыз, дөрекі, ұрда-жық, жуан жұдырық қызба жігіттер көбіне жамағат тыныштығын бұзып жатады. Бойын ашу-ыза, агрессия кернеген ағайын анша-мұншаға көнбейді сосын. Арасында Фатихадан кейін «әмииин» деп дауыстайтындары да бар. Бұл негізінен жат ағым өкілдерінің әрекетіне көбірек келіңкірейді.

Дінтанушы-ғалым Досай Кенжетайұлы фейсбук желісінде: «Картина белгілі. Мазхабтар әртүрлі. Қазақ бір. Мешіт бір. Бірақ қайсысы дәстүрлі? Соның мынау шешімі. Дәстүрлісі бұл жерде мен қожайын деп тұр. Нәпсі ғой. Вахабист те өзінің мазхабын көрсеткісі келді. Ол да нәпсі. Негізі екі жақта да әдеп жоқ. Бірақ маған сазайын бергені ұнап тұр. Себебі дін таяқсыз, ақшасыз қалыптаспайды. Онша трагедия жасауға болмайды. Нормальная типичная явления. Осылай тәжірибе мораль құндылық тіршілігін жалғастыра береді. Қорқыту да керек, себебі анау өзі құдайдан қорқып тұрған жоқ. Көпқырлы картина негізі. Үміт басым менде иншалла» деген пікір қалдырыпты.

Мына видеодағы эпизодты таразылап, талдайтын болсақ, мәселенің басқа қырына үңілеміз. Ашуға ерік беріп қол жұмсаған адамды ақтаудан аулақпын, дегенмен де сондай қадамға мәжбүр еткен негізгі факторды да есепке алу керек. Әсілінде, жамағатпен оқылған намазда әр адам сол мешіт имамына ұюы керек. бірақ та «әлгіндегі» адамдардың намаз алдында «имамға ұйыдым» дегені ақиқаттан алыстау сияқты көрінеді. Бұлай жалғаса берсе, өзге ислам елдеріндегідей әр жамағат өз мешітіне баратын жағдайға тап болуымыз мүмкін.

Мешіт имамдары, жамағаттың басым көпшілігі әр намазда әмин’ді іштен айтыңыздар деп ескертіп жатады. Алайда, оған да құлақ аспайтын, керісінше кескілесетін топтар бар екені шындық. Жамағат тәртібіне, имамның айтқанына ерегісіп, «әмииин» деп дауыстағанды құмбыл көреді. Қауіптің басы осындай «дауыстаушы» ағым өкілдерінде. Бұл бір жағынан сигнал. Бір-біріне бағынбайтын, бірін-бірі мойындамайтын ағым өкілдерінің себебінен тұтас мешіт жамағатына сын келеді. Сол бізге керек пе? Ел ішінің ала тайдай бүлінуінен кім/не ұтады? Сіз қалай ойлайсыз?

Мәліметпен бөлісу: