Міндетті медициналық сақтандыру: 2020 

Адам өмірінің ең негізгі құндылықтарының бірі – денсаулық.Осыған байланысты адам денсаулығын қорғау мәселесі жалпы мемлекеттің,қоғамның,әрбір азаматтың негізгі міндеті болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында халық денсаулығын жақсартуға мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып, келелі мәселелерді шешу жолында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Адамзатбаласының тіршілігіндегі денсаулық — негізгі фактор болғандықтан, оған  жауапкершілікпен қарау әрбір тұлғаның негізгі міндетіне айналды. Халықтың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын-алу мен оларды емдеу бағыттарын анықтау барысында бүгінгі таңда  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» құрылып отыр.

Әрбір жеке тұлғаға, науқастарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтердің жаңа міндеттері жайында жан — жақты ақпараттар беріледі. Үш деңгейге бөлінетін жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді.    Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры АҚ-мен бірге 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап не өзгеретінін және  медициналық көмекті кімнің тегін алуға  құқы бар, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің қатарына не жатады, жарна төлегендерге көрсетілетін қызметтер несімен ерекшеленетіндігі жайында өздеріңізге қажетті мәліметті төмендегі ақпараттардан біле аласыздар:

1.Қандай қызмет тегін көрсетіледі?

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген қатарына  кіретін медициналық  қызметтер:

  • Жедел жәрдем;
  • Санитарлық авиация;
  • Созылмалы ауруы барларды бақылау;
  • Шұғыл көрсеткіштер бойынша стационарлық көмектің орнына көрсетілетін қызметтер.

Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша халықтың  барлығы бірдей емханаға жүгініп, стационарда ем қабылдап,  диагностикадан өтуге рұқсат етіледі. Оған төмендегі әлеуметтік-маңызы бар ауруларды емдеу де кіреді:

  • Туберкулёз;
  • СПИД;
  • Созылмалы вирусты гепатиттер және бауыр циррозы;
  • Қатерлі ісіктер;
  • Қант диабеті;
  • Психикалық бұзылулар, мінез-құлық бұзылулары;
  • Церебралды сал ауруы;
  • Миокард инфаркті (алғашқы 6 ай);
  • Ревматизм;
  • Дәнекер тіндердің жүйелі зақымдануы;
  • Нерв жүйесінің дегенеративті аурулары;
  • Орталық нерв жүйесінің демиелинизді аурулары;
  • Орфандық аурулар.

Медициналық оңалту тек туберкулез диагнозымен анықталған науқастарға ғана көрсетіледі, ал паллиативтік көмек керек жандардың бәріне көрсетіледі. Осы көмек созылмалы инфекциялық емес, сондай-ақ айналадағы адамдарға қауіп туғызатын инфекциялық ауруларға қолданылады:

  • ЖИТС;
  • Геморрагиялық қызба
  • Дифтерия;
  • Менингокок жұқпасы
  • Полиомиелит;
  • Мерез ауруы;
  • Алапес;
  • Безгек;
  • Түйнеме;
  • Туляремия;
  • Туберкулёз;
  • Тырысқақ;
  • Оба;
  • Іш сүзегі;
  • Вирусты гепатит;
  • Психикалық бұзылулар, мінез-құлық бұзылулары;

Барлық азаматтарға шұғыл түрде медициналық көмектер көрсетіледі, оның ішінде терапевттің қабылдауы мен (созылмалы аурулар мен олардың асқынулары) салауатты өмір салты мен отбасын жоспарлау мәселелері бойынша кеңестері, сондай-ақ диагностикалық қызметтер де назардан тыс қалмайды.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне салалық мамандардың қабылдауы кірмейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүргізбегендер дәрігердің қабылдауына кіру үшін ақы төлеуге  міндетті. Бұл динамикалық бақылау жүргізбейтін созылмалы ауруы барларға да қатысты.

2.Науқастың қандай қызметті тегін алуға мүмкіндігі бар екендігін қайдан білуге болады?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ұсынылатын қызмет туралы барлық  мәліметтерді  төменде көрсетілген медициналық  ақпарат таратушы орталықтардан білуге болады:

  • Жалпы тәжірибедегі емдеуші дәрігеріңізден;
  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтынан;
  • 1414 бірыңғай байланыс орталығынан;
  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бұқарамен байланыс департаментінен.

3. Медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушыларына қандай қызмет көрсетіледі?

Төмендегі медициналық көмектердің кеңейтілген көлемін жан – жақты  пайдалануға құқылы:

  • Консультативті-диагностикалық көмек, оның ішінде қымбат лабораториялық қызмет көрсетіледі;
  • Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің үстінен амбулаториялық дәрілермен қамтамасыз етіледі;
  • Ауруханада емделу және жоспарлы стационарлық емдеу көмегінежүгіне алады;
  • Медициналық оңалтуға мүмкіндік алады;
  • Қалпына келтіру кезеңінің соңғы сатысында емдеу курстарынан өтеді;

Кезек күттіретін медициналық зерттеу қызметінің көлемі: компьютерлік томографиядан өту, лабораториялық анализдер, полимеразалық тізбек реакция –  бұларға қаржы жетіспегендіктен  шектеу қойылған.Қажет болған жағдайда енді медициналық сақтандырылған тұлғалардың барлығы осы зерттеулердің бәрін қолдана алады.Медициналық сақтандыру аясында жүргізілетін консультативті-диагностикалық көмектер қатарының тізіміне  төмендегілер кіреді:

  • 18 жасқа дейінгі сау балалар мен ересектерді профилактикалық алдын — ала тексеруден өткізу – жылына 1 рет;
  • Стоматологиялық қызметтер (18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектер, зейнеткерлер мен көп балалы аналар);
  • Салалық мамандардың қабылдауы мен кеңесі;
  • Динамикалық бақылау жүргізуге жатпайтын созылмалы ауруы барлардың салалық мамандарға қаралуы;
  • Лабораториялық диагностика, соның ішінде қымбат қызметтер.

4.Жеке клиникаларға жүгінуге бола ма?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі негізінде мемлекеттік, сонымен бірге жеке меншік клиникаларда емделуге болады. Ол үшін клиника міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім-шартқа отыруға міндетті.

Емханаға тек қана egov.kz порталы арқылы тіркелуге болады. Әуелі сайтқа тіркелу керек. Содан соң «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдау керек, әрі қарай «Медициналық көмек–қызметтер, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» – «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу. Электронды форманы толтырып, сұраныс жіберуге міндеттісіз. Науқас көрсетілген қызметтерді орындаған соң  емханаға бір күнде тіркеледі.

5. Медициналық сақтандыру қорына қаражатты кім, қанша көлемде құяды?

Бүгінгі таңда жарна жұмыс беруші тарапынан аударылып отыр. Сомасы жалақы көлемінің 1,5%-ын құрайды. 2020 жылдан бастап  бұл сома 2%-ға көбейеді. 2020 жылдан бастап жұмысшыларға 1 пайыз көлеміндегі жарнаны табысынан төлету жоспарланып отыр. Алайда бұны олар өз бетімен төлемейді – жұмыс беруші айлығынан ұстап қалады да, қорға аударады. Алға қарай жұмысшының табысының жарнасы 2% — ға  дейін ұлғаяды.

Денсаулық сақтау жүйесін көтеру мақсатында медициналық сақтандыру қорына ақшаның неғұрлым көп бөлінгені тиімді. Жұмыс берушілер мен мемлекетке түсетін салмақты ескере отырып, заң бойынша 1% — дан жоғарыға көтерілу жүйесі бекітілді. Бұл ретте жұмыс берушінің 2023 жылға қарай ең жоғары көлемде аударым жасайтын сомасы жұмысшының табысының 3%  құрайды.

Ал азаматтардың төмендегі топтарына  (шамамен 11 млн адам) қорға жарнаны мемлекет аударады:

  • Балалар;
  • Ресми тіркелген жұмыссыздар;
  • Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
  • Баласы үш жасқа толғанша оны тәрбиелеуіне байланысты уақытша жұмыс істемей отырған баланың заңды өкілдерінің бірі;
  • Жүктілік және тууға байланысты, жаңа туған баланы асырап алуына, сондай-ақ бала үш жасқа толғанша баланы күтуге байланысты уақытша демалыста отырған баланың заңды өкілдерінің бірі;
  • Мүгедек баланы бағып отырған жұмыс істемейтін азаматтар;
  • Бала кезінен бастап І топтағы мүгедек баланы бағып отырған жұмыс істемейтіндер;
  • Зейнетақы төлемдерін алушылар, соның ішінде ҰОС қатысқандар мен мүгедектер;
  • Қылмыстық атқару жүйесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар;
  • Тергеу изоляторында отырған бас бостандығынан айырылғандар;
  • Жұмыс істемейтін оралмандар;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе «Батыр ана» атағын алғандар, сонымен бірге І және ІІ деңгейдегі Ана даңқы орденінің иегерлері;
  • Мүгедектер;
  • Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары, сонымен қатар ЖОО кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын тұлғалар;
  • Атаулы әлеуметтік көмекті алатын жұмыс істемейтіндер;

№6. Қазақстанға  медициналық сақтандыруды енгізу қаншалықты маңызды?

Басты себеп – бюджеттен бөлінген қаржының денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға толығымен жетіспеуі. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің қазіргі үлгісі —  медициналық қызметтің халыққа толығымен  көрсете алмауында.

Әлеуметтік медициналық сақтандырудың принципі – бюджет қаржысын ғана емес, қазақстандықтардың да жарнасын тарту. Бұл бөлінген қаражаттар медициналық қызмет көрсету мақсатында медициналық ұйымдарға бөлінеді.  Бөлінетін қаражаттың көлемі неғұрлым жоғары болған сайын науқастарға көрсетілетін қызметтік сапа да көтеріледі.

Қ.АБЗАЛҰЛЫ,

аудандық орталық аурухана директорының сапа жөніндегі орынбасары.

Мәліметпен бөлісу: