«Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға»,- деп, ұлтымыз үшін ұлық мереке саналар Ұлыстың ұлы күнін өз дәрежесінде атап өте алмай жүргенімізге екі жыл болыпты. Дүйім ғаламшарымызды дүрбелеңге салған пандемия салдарынан салт-дәстүріміздің түп қазығы саналар Наурызда қауым боп көже де іше алмаппыз. Тәубә, карантиндік шаралар әлсіреп, дерттің беті қайта бастаған тұста Алакөл жұртшылығы да бір жасап қалғандай.
Жер-ананың арқасы сөгіліп, қыстай жамылған ақ көрпесін сілкіп тастады. Айнала қара кілемін төсеп, жылды аман-есен еңсергеніне риза халық құшақ жая қауышып жатыр. Өңірдегі Наурыз мерекесінің алғашқы шаралары он төртінде бастау алды. «Көрісу күнімен» түңлігі түріліп, шаңырақтан шаңыраққа саулық сұрасып, қонақ болған бұқара да қуанышты. Көптеген байқау-бәйгелер, дода-жиындар өтіп, ұлық мереке ұлықтала түсті.
Наурыздың жиырма бірінші жұлдызында З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінің ауласында «Алтыбақан» жастар кеші ұйымдастырылды. Қала мен ауыл жастары ағыла келген кеш жоғары дәрежеде өтті. Көптен бері осындай шараларға шөрілкеп қалған жұртшылық ізгі тілектерін айтып, ыстық ниеттерін білдіріп жатты. Бір айтарлығы, қатар қойылған қос алтыбақан балалардан босамады. Кішкентай бүлдіршіндерден бастап ересектерге дейін кезектесіп мініп, көңіл көтерді. Әуезді әуеннің ырғағымен тербеліп, би билеп, ән құшағына енді. Жүздеген жастарды жиған шара болашақ игерлерінің ұлттық мейрамға деген сүйіспеншіліктерін көрсеткендей.
Жастар кешінде түрлі байқауларда да ұйымдастырылды. Соның бірі – би додасы. Мың бұралған қыздар өнерлерін ортаға салып, өзара кім мықтыны анықтады. Қорытындыға келсек, қатысқан 13 команданың бәрі де бағалы сыйлықтарға ие болды.
Барлық қызық дәл мереке күні орын алды. Д.Қонаев атындағы орталық алаңда қатар тізілген ақшаңқан қазақ үйлерде көже таратылып, мерекелік шараға келген адамдарда есеп болмады. Көшпелі халқымыздың ұлттық баспанасында ақтарылған ақ тілек, ақжарма ниеттердің өзі бір күндік әңгіме.
Төрге қойылған сахна маңын ұлттық киімдегі азаматтар қоршап, керемет күн сыйлады. Арғымаққа мінген Қыдыр ата дұғалы батасын беріп, көпшілікпен қауышқанына шүкірлік етсе, киесі кимешегінен көрінен әз әжелеріміз шашу шашып, дәмі кетпеген дәстүрімізді жастарға үлгі қылды.
Аудан әкімі Алмас Абдинов жиналған қауымға мерекелік құттықтауын жеткізіп, Наурыз мейрамының мән-маңызын тілге тиек етті. Сонымен қатар Ұлыстың ұлы күніне орай өткен «Батагөй» және «Наурыз аруы» байқауларының жеңімпаздарын марапаттады. Атай кетсек, бәтуәлі батасымен көпшілікті сүйсіндірген екпінділік Қуаныш Бақытбек үшінші, ынталылық ақсақал Нұғыман Мәшікей екінші, үшаралдық Советхан Қазиев бірінші орынды иеленді. Ал арулар арасындағы сайыста үшаралдық Мадина Рахымберлина үшінші, жанамалық Жалын Сейдігалымова екінші, қабанбайлық Назерке Хумарбек бірінші орыннан көрінді.
Артынша аудан өнерпаздары мен арнайы шақырылған қонақтар өздерінің өнерлерін паш етіп, көпшілікті күмбірлі домбыра үнімен, ырғақты биімен, әуезді әнімен баурап алды.
Мерекеге орай ұлттық ойын түрлерінен де спорттық жарыстар ұйымдастырылды. «Түйе палуан» атауымен түңлігін түрген қазақ күресіне жиырмаға жуық балуандар қатысып, күш сынасты. Білекті де жүректі жігіттер жүлде мінберіне көтерілу үшін аянып қалмады. Түрлі әдіс-айлаларын көрсетіп, қарсыластан басым түсу мақсатында барларын салды. Түйе балуандар белдесуінде үшінші орынға үшаралдық Данияр Кәкенов жайғасса, күміс жүлде әскери қызметтегі Қайырбек Сәрсенбаевқа бұйырды. Ал жауырыны жерге тимеген Ернар Қабдолдаев алтыннан алқа тағынды.
«Көп уақыттан бері барлық спорт түрлерінен жарыстар өтпей, сәл қарайып қалғанымыз да жасырын емес. Спортшыға ең керегі боз кілемдегі бәсекеге ғой. Қанша жерден дайындық жасасақ та, дүбірлі додалар болмаса дәрежеміз де бір орнында тұрақтап қалмақ. Мінекей, қалауымыз естіліп, Наурыз мерекесінде татамиге қайта шықтық. Қаншама жас балуандар, бауырларымыз жүр. Өзара таласқа түсіп, тәжірибе алмастық, бәсіміздің жетер жерін көрдік. Жалынды жігіттермен күш сынастық»,- дейді, «Түйе палуан» атанған Ернар.
Орталық алаңда да тұрғындар арасында түрлі сайыстар өтті. 80 келілік қошқарды көтеруде біраз жігіттер мықтылықтарын дәлелдеді. Қошқарды арқаға іліп, 60 мәрте көтерген Бекжан Абылқасымов Шопан ата түлігіне ие болды. Сондай-ақ гір тасын көтеруде де озық шықты. Қол күресінен тәртіп сақшысы Нұрбол Тастамбеков үздік атанды. Ал арқан тартыстан «Қыран» командасы білекті екендіктерін танытты. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
«Екі жыл шамасында Наурызды халық болып атай алмауымыз көңілге кірбің ұялатқаны рас. Алайда, әуелгі байлық саналар денсаулықтан асар дүние бар ма? Карантин салдарынан кенжелеп қалған ұлық мерекені биыл барынша ұлықтаудамыз. Әсіресе мен секілді қарияларға көп қуаныш болды. Бала күнімізден қанымызға сіңісті болған мерекенің жастарға берер мұрасы да мол. Салт-дәстүріміз дәріптеліп, ұлттық болмысымыз айшықталады. Өткен жылдағы өкпе-назды ұмытып, Жаңа жылға жаңаша ниетпен, тың көзқараспен аяқ басамыз. Бұның барлығы – ұрпақтарымызға үлгі-өнеге, тәлім бұлағы»,- дейді, иегіндегі сақалы мен иығындағы шапанын жарастыра білген сексендегі Тезекбай ақсақал.
Ауданның барлық елді мекендерінде қазақ үйлер тігіліп, алакөлдіктер көп көжеден дәм татты. Спорттық шаралар, тағылымды жиындар өтті, бұқара ән мен күйдің бесігінде тербелді. Лайым осы үрдісіміз жалғасын таба берсін.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл ауданы.