Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бейнебайланыс арқылы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, елімізде жаңа Премьер-Министр лауазымына Смайлов Алихан тағайындалды. Сондай-ақ Президент саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасап, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Аталмыш тапсырмалар елімізде болған қасіретті оқиғадан сабақ алу, оның ішінд әлеуметтік-экономикалық жағдайды реттеуге арналмақ. Себебі Қазақстан Тәуелсіздік тарихында алғаш рет аса күрделі және қиын кезеңге тап болды.
Мемлекет басшысының пікірінше ең алдымен еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Президент Қ.Тоқаев: «Экономикалық саясатымыздың мақсаты айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкерщілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни, бұл өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер»,-деп атап өтті. Сонымен қатар халықтың табысын арттыруға арнайы бағдарлама енгізілетінін хабарлады.
Елімізде содырлар мен лаңкестердің қолынан тек әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың да мүлкіне залал келді. Соңғы оқиғаларға байланысты тәртіпсіздіктердің кесірінен бизнеске келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен есептегенде 95,3 миллиард теңгені құрады. Сол себепті Мемлекет басшысы өз сөзінде бизнестері зардап шеккен кәсіпкерлерге қаржылай көмек көрсетілетінін, сондай-ақ айыппұлдар мен өсімпұлдар уақытша тоқтатылатынын жеткізді.
Сонымен қатар Президент мемлекет негізгі функцияларын толық және сапалы орындауды қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқық тәртібінің сақталуына, меншік пен қауіпсіздік құқықтарының, азаматтардың құқықтарының қорғалуына кепілдік беруі, әлеуметтік жеңілдіктер мен мемлекеттік қызметтердің сапасы қамтамасыз етілуі тиіс екенін айтты.
Қазақстанда қайғылы жағдай туындаса да, жақын арада бұл проблмелар өз шешімін табатынына сенім мол. Біз қазақ ешқашан мойымаған халықпыз. Біздің күшіміз – бірлікте.
С.ҚАРАБЕКОВ,
«Мерей-Әсем» шаруа қожалығынң жетекшісі.
.