Өнермен өрге жүзгендер

Құлазыған атырап пен құлдилаған жапыраққа дейін торғындай үлбіреп, жібектей есілген үнінен дір ететін Зейнеп әжемізді топырағында түлеткен, алты шумақ өлеңінде алпыс нарға жүк болар мағына тұнған Сәкен ақынды қанаттандырған өңірімізде өнердің кәусар бұлағынан сусындаған өрендеріміз жетерлік. Бірі әнге деген қомағай көңіліміздің көмейіне дәл келер туындыларымен таңғалдырса, екіншілері еншілеріне бұйырған таланттарының арқасында тау қопарып жүр. Солардың ішінде ұлттық өнерлеріміздің тамырын қуалап, тағылымын тұла бойларына қондырған Бекетановтар жанұясы жайында сөз қозғасақ.

Саналы ғұмырын салмақты іспен сабақтастырып, әскери өмірді таңдаған отағасы Жанел Алмасбекұлы 1987 жылы мамыражай мамырдың жиырма жетінші жұлдызында Алакөл ауданы, бұрынғы Рыбзавод ауылында дүние есігін ашады. 1995 жылы Қамысқала орта мектебінің табалдырығын аттап, алғашқы жылдардан-ақ зейіні ұтқыр оқушылардың қатарынан көрінеді.

«Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» демекші, өнер ошағын маздатқан отбасынан болғандықтан тегіне тартпай қоймаған Жанелге де ереше дарын қонады. Себебі, тал бесіктен талмай баққан алтын құрсақты анасы Гүлшат Иманбекқызы сол мезеттерде аудан аумағында атағы дүркіреп тұрған «Шағала» ансамбілінің мүшесі болса, әкесі Алмасбек Кеңесұлы да вокалды-аспапты топ құрып, талантымен танылған болатын. Ағашынан алысқа құламаған Жанелдің де әнге деген әуестігі ерте жастан артып, домбыра үйренуге де бел буады. «Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар» демекші, сол кездегі мектеп директоры, қазіргі Қамысқала ауылдық округінің әкімі А.Бутиншиновтың ұйытқы болуымен аталмыш елді мекенде түрлі үйірмелер ашылып, жастар жаңаша тірлік кеше бастайды. Бұл өзгерістің Жанелге де көптеген пайдасы тиіп, домбыра үйірмесіне жазылған ол біліктілігін шыңдай түседі. Өнер әліппесін әріптеп үйреткен алғашқы ұстазы Абдуали Қорабаевтың арқасында қызығын қозы қуалап, көгілдірдің көлдің асау толқындарымен алысудан тапқан бала санасын салмақты іске бұрады. Сөйтіп жүріп, тоғызыншы сыныпты тәмамдаған бозбала мектеп директорының кеңесімен П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Бас домбыра» мамандығына оқуға қабылданады. Балаң күндерін ауылдағы әткеншектің орындығында қалдырып, алып шаһарға келген беттен өнерін шыңдай түседі. Колледждің белсенді білімгерлерінің көшін бастап, өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгереді. Білім ордасында жүргенде бағындырған айтулы белестерінің бірі ретінде республикалық жас орындаушылар байқауында аламан алдынан көрініп, бірінші орынды қанжылағанын айтуға болады.

Жас өнерпаз алған білімін азсынып 2004 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, біліктілігін арттырады. Осында жүріп қатарластарымен бірігіп концеттер ұйымдастырып, сахна төріне көтеріле бастайды. Дипломын қолына ұстағаннан кейін атақты «Отырар сазы» оркестірінде бір жыл адал еңбек етеді. Тек 2014 жылы 4398 әскери бөлімінің оркестр құрамына қызметке орналасады.

Тұла бойына түрлі өнерлерді ұштастырған талантты жігіт өмірлік жарын студент кезінде кезіктерген еді. Талай білімгерлердің төрт жылдық тұрағына айналған жатақханада танысқан Әсем есімді қызды құлай сүйіп, екеуінің өнерге деген сүйіспеншіліктері тағдырларын бір етті. Домбыраның қос ішегіндей болған ғашықтар көп ұзамай шаңырақ көтеріп, шаттықтарын еселейді.

Отағасы секілді таланты өне бойынан тепшіп тұрған Әсем Мұратқызы 1991 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында өмірге келеді. Сол жердегі тағылымды ұстаздардан тәлімді білім алып, мектеп қабырғасынан алыстағаннан кейін П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға қабылданады. Төртінші курстың басында тұрмысқа шығып, тірліктері бөлек болғанымен тілектері бір арнада тоғысқан Жанелмен отбасылық өмірін бастайды. Артынша, Қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық университетінде білімін жетілдіріп, өз мамандығының майталманы атанады. Осында жүріп, сазсырнай, сыбызғы секілді үрмелі аспаптарды жетік меңгеріп, өзін жаңаша қырынан танытады.

Өнерлі жанұя бүгінде Фатима есімді қыз бен Иман, Дінмұхаммед атты екі ұлды тәрбиелеп отыр. Перзенттері де өнер кенде емес. Кішкентайлар ән айту, мен түрлі аспаптарда ойнауға өте құмар. Ішінара үй ішінде отбасылық концерт ұйымдастырып, бір серпіліп қалатын дәстүрлері де бар.

Ұлттық өнерлеріміздің өрісін кеңейтіп жүрген Жанел мен Әсем ең алғаш сахнаға «Шабыт» атауымен 2015 жылы шығып, сол мезеттен бері көптеген белестердің биігін бағындырды Өнер сапарларын өздерінің «Шабыт шыңында» атты төл туындыларымен бастаған олар шынымен де үнемі шабыт шыңынан көрінуде. Талантты жұп домбыра мен сырнайдан бөлек күйсандық, барабан, баритон, гитара, шаңқобыз, сазсырнай, бас домбыра аспаптарының тілін меңгеріп, аудан сахнасына алғаш көмеймен ән айту өнерін алып шықты.

Олардың өмірлерінің өзегіне айналдырған бұл салада жеткен жетістіктері де ұшаң-теңіз. Атап айтсақ, олар республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Сонымен қатар, Жанел «Шығыс» өңірлік әкери қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Н.Қашағановтың қолынан мадақтама грамотасын алған болатын. Бұның барлығы тәңірден бұйырған талантарының, табиғаттан дарыған өнерлерінің арқасы.

Бір айта кетерлігі қазіргі таңда Жанел үш балаға жеке сабақтар өткізіп, домбыра тартуға баулуда. Нәтиже де жаман емес. Күні кеше ғана оның тәрбиесіндегі қос шәкірті Алматы қаласында түңлігін түрген дүбірлі байқауда бірінші және екінші орындарды тақымдап, ауданымыздың атақ-абыройын еселей түсті. Осындай талапты ұл-қыздардың басын біріктіріп, төл өнерлерімізді төрге сүйрер топ құруға деген құлшынысы да жоғары. Алайда қаражаттың кемдігі мен аспаптардың жетіспеушілігі қол байлау болуда. Талпыныстарына сызат түспей тұрғанда демеп жіберетін жандар табылса нұр үстіне нұр болар еді.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

 

Мәліметпен бөлісу: