Ойжайлаудағы ордалы той

Қабанбайдай дарабозды, Қасабайдай дараны, Шіре анадай дананы, Зейнептей бұлбұлды, Сәкендей дүлдүлді дүниеге әкелген Алакөлдің топырағына қонған кие оның төсінде тіршілік тегершігін жұмыла айналдырған тұрғындарының да бойына дарыған. Қойнауында байлық тұнып, құшағына қазына толған жомарт даламыздан дәм бұйырып, кіндік қаны осында тамған әр тұлғаның жанарында жақұт ойнап, көңілінің көмбесінен жылылық төгіліп тұратыны жасырын емес. Бұл тұмса табиғатынан дархандықты, тәкаппар тауларынан даралықты, таза ауасы мен шипалы суынан даналықты бойына сіңірген әр алкөлдіктің ізгі қасиеті.

Өткеніміз бен бүгінімізге бажайлап қарасақ татулығымыздың тұғырын нықтап, қанға сіңген қазақи дағдыларымызды дәріптеп жүрген, дидарынан нұр тамып, жүрегінен жылылық нұры себездеп тұрған жерлестеріміз жетерлік. Ескіден қалған есті әңгімелерге сүйенсек ерекше жомарттығымен танылған Есім төредей текті түлеген өлкенің тумасы, ауданымыздың Құрметті азаматы, тәрбиелі ұрпақ өрбітіп, талай жылғы еңбегінің өтеуін еселеп көріп отырған Кеңесбек ақсақал да сол атымтай азаматтармыздың көш басында екендігі мәлім. Биыл сексен жастың сеңгір биігін бағындырған қария мен өмір белестерін бірге еңсерген Батиха анамыздың мерейлі мерейтойы мен көктемгі егіс жұмыстары, мал төлдету науқанының аяқталуына және ақ шағаласы аспанында қалықтаған айдынды ауданымыздың тоқсан, егемендігіміздің еңселі жемісі саналатын Елордамыздың жиырма жылдығына орай Лепсі ауылдық округі, Ойжайлау атшабарында жылдағы дәстүр бойынша ұлттық ат спорты ойындары мен қазақ күресінен дүбірлі дода ұйымдастырылды. «Ер қанаты – ат» демекші, топты көрсе тыпыршып тыныш отыра алмайтын ат сүйер қауым атшабар маңайына көптеп жиналды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген тұрқында мін жоқ тұлпарлар да думанның қызығына қызу қоса түскені тағы бар.

 

Төбеден өтіп, тұла бойды қыздырған күнге қарамастан мерекелі көңіл-күйдегі меймандар желдей жүйіткіген жүйріктер бәсекесінің әр сәтін де көзден таса қалдырмады. Жасыл желекке оранған жайлау мен таудан соққан самал да көрермендердің тамырын дөп басып, талғамдарынан шықты.

Ашық аспан астындағы айтулы думанның құрметті қонақтары жиналғаннан кейін аудан аумағында өсірілетін асыл тұқымды төрт түлік көрмесі көрсетілді. Етті, сүтті бағыттағы мүйізді ірі-қара, таза қанды жылқылар, қоңды қойлар көрермендерді тәнті етті. Әсіресе, екі жастан енді асса да жарты тоннадан ауыр салмақ беріп отырған бұқалар таңғалдырмай қоймады. Сонымен қатар Лепсі ауылынан орын тепкен бал цехында өндірілетін өнімдер назарға ұсынылып, әлемнің бірталай еліне экспортталатын тауардан қонақтарға дәм бұйырды.

Уағдалы уақытында қоңыр үнімен дала төсін күмбірлеткен жүргізушілер сахна төрінен дулы думанның басталатынынан хабардар етті.

Сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев егісі кең, өрісі байтақ өңіріміздің өсу һәм өркендеу жолында талмай еңбектеніп жүрген ауыл шаруышылығы саласы қызметкерлерін көктемгі қызу тірліктің аяқталуымен құттықтап, дихандар мен шопандардың ісі ілігерілей түскенін тілге тиек етті. Ауданның даму процесін еселеп отырған аталмыш салада да көптеген тың өзгерістер орын алып, қарымды қадамдар басылғанын жеткізді. Сонымен қатар сексен жасты еңсерген қос қарияны мерейлі мерекелерімен құттықтай келе, дәмі кетпеген дәстүріміздің ізімен арқалары шапан жапты.

Келесі болып мінберге көтерілген Халық қаһарманы, қоғам қайраткері, армия генералы М.Алтынбаев көрсе көзің сүрінер тұмса табиғатты өлкеміздің таңғажайып келбеті хақында әңгіме өрбітіп, асты да, үсті де, көбікті өзендері де, көрікті көлдері де, тұғырлы таулары да, ғұмырлы баулары да кемерінен асқанша байлыққа толған өңірдің азаматтары да атымтай жаратылғанын сөз етті.

Ізгі тілектің тізгінін ұстаған еркін күрестен Мәскеу олимпиадасының чемпионы, Еңбек ері Ж.Үшкемпіров соңғы жылдардың сахнасына көз тастап, Алакөлдің жылдам дамып келе жатқандығын мақтана айтты. Осы жерге келген әр сапарында жаңа ғимараттардың бой көтергенін, халықтың хал-ахуалы, әлеумет әлеуетінің едәуір көтерілгенін байқағанын жеткізді. Және де мереке иелерінің арқасына шапан жауып, Кеңесбек ақсақал мен Батиха анамыздың алғысын иеленді.

Адуынды ақын, сөз қадірін өз қадірінен биік қоятын, шоқ шайнап, от бүріккен шайырымыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның мәдениет қайраткері, Алакөл ауданы мен Алматы облысының Құрметті азаматы А.Кендірбекұлы сандуғаш тілі бір талмай бұқараны Ойжайлау төріндегі ордалы тойдың бастау алуымен құттықтап, сексен жылдық тағылымды ғұмырларымен танылған қос бәйтерекке жырдан шашу шашты.

Мәрт даламыздың маңғаз баласы, жомарт өлкеміздің жанашыр да бауырмал тұлғасы Б.Оспанов сөз алып, қуанышты бөліскелі келген жерлестері мен меймандарға риясыз рахметін жаудырып, ақжарма тілегін ақтарды. Сондай-ақ мал төлдету науқанында көш басынан көрініп, ең көп төл алған жұмысшыларға автакөлік пен мотоциклдардың кілтін және қомақты қаржылай сыйлықтар табыстады. Тал бесіктен талмай бағып, құндағынан құт дарытқан әкесіне тұлпар мінгізіп, ақ сүтімен даралық пен дархандықты сіңірген алтын құрсақты анасын перзенттік пәк сезіммен құшақтап, айтулы мерекелерімен құттықтады.

Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары сахнаның сәнін келтіріп, әуелете ән салып, күмбірлете күй тартты. Алғашқы болып өнер көрсеткен М.Тұрсынғазина Б.Оспановқа арналған А.Кендірбекұлының «Алакөлдің атымтайы» әнін орындап, көрермендердің көңілінен шықты. Артынша Б.Мұсаев, М.Мүсірәлі, А.Үрпеков сынды сахна саңлақтары торғындай үлбіреп, жібектей есілген үндерімен жиналғандардың жүрек пернесін дөп басты.

Талай жылғы тыңғылықты ісімен ерекшеленген, көрген-білгені көл-көсір, айтары мол аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Алакөл ауданы мен Алматы облысының Құрметті азаматы С.Байбазаров шарапаты мол батасын бергеннен кейін, ауыздығымен алысып, жер тарпыған тұлпарлардың жүгені бос қойылды.

Алғашқы болып сөре сызығынан құнан бәйгенің жүйріктері өтті. Бірі әлі мектеп табалдырығын аттамаса, екіншілері енді ғана сегіз-тоғыз жасты еңсерген шабандоздардың отырысы мығым, шабысы мәнерлі. Қатарласа тізгін қағып, жүйріктерінің жүгенін бір босатып, бір тарқан олардың мақсаты бәйге басынан көріну ғана.  Сөйтіп мәре сызығынан Үржарлық А.Рыбалкиннің арғымағы алғашқы болып өтіп, бір млн. теңгені тақымға басты.

Доданың келесі дүбірі топ бәйгеге беріліп, өмілдірігін үзердей алқынып, ауыздықтарын күрс-күрс шайнаған жүйріктер жүгендерін босата сала алға жүйітки жөнелді. Ырсылдаған жылқылардың танауынан өткен әр жұтым ауа мен шабандоздардың жүрек қағысы қатар естілуде. Бәйгенің соңында алматылық Ә.Нұрбековтың тұлпары бірінші келіп, автакөлік иемденсе, жорға жарыста алакөлдік К.Қапсалямовтың жүйрігі қожайынына темір тұлпардың кілтін бұйыртты. Алқалы топ алқына күткен аламан бәйгеде Қарағанды облысынан келген Н.Мұхамедияровтың үкілеп қосқан пырағы көш басынан көрініп, иесін жол талғамайтын көлікке отырғызды.

Атқа мінсе түсуі қиын қызу қанды халықтың ұрпақтары серкені салымға сүйреп, көкпар ойынын да бастады. Тауға соғылса да, жарға соғылса да тақымындағы аттарынан жығылмайтын серілеріміз ұлттық ойынымыздың мәртебесін асқақтата түсті. Тебісімен тұлпарларын теңселте топқа кірген көкпаршылар нағыз қазақы қара күш пен ептіліктің үлгісін көрсетіп, қызу тартысқа түсті. Ерттеулі атты мығым тақымдап, бұла күшпен қатар ширақ қозғалыс, шапшаң қимылды қажет ететін доданың қорытындысы бойынша қайыңды құрамасы үшінші, алакөл командасы екінші орынға жайғасса, Бақалы ауылынан келген көкпаршы жігіттер бас жүлдені қанжығалады.

«Күш атасын танымас» демекші белдескеннің белін үзіп, тірескеннің тізесін бүгер балуандарымыз «Түйе палуан» атағын сарапқа салып, бап пен бақ таласына түсті. Боз кілемнің шаңын қаққан сайыпқырандар айналаны қиқуға толтырып, күнделікті күйбең тірліктен мезі болған көрермендерді бір серпілтті.  Алыптар айқасқа түскен бәсекенің байламы байламы бойынша алакөлдік Ж.Болатханұлы үшінші, алматылық Д.Нұралинов екінші дәреженің дәрегейінен көрінсе, армандар шаһарынан келген Р.Әбдіразақов «Түйе палуан» атағын тізгіндеп, темір тұлпарды тақымға басты.

Ат сүйер қауымның құрметіне ақшаңқан күйіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Ошақ басында әпкелеріміз қазан-қазан ет асып, төл сусындарымыз судай төгілді. Әр қазақ үйдің ішінде дуалы ауыз ақсақалдарымыз ақ батасын беріп, тірлігіміздің құтты, бірлігіміздің мықты болуы тіленді. Осылайша тәулік бойына созылған дүбірлі думан да мәресіне жетіп, жиналғандар жайдары кейіпте тарасты. Өңіріміздің мерейін еселеп, мәртебесін көтерер сәттеріміз көбейе берсін. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген ұлы дала елінің ұлағатты ұрпақтары жасасын. Тойымыз тойға ұлассын, ағайын!

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: