Ойжайлаудағы ордалы той

Қасабайдай дараны, Шіре анадай дананы, Зейнептей бұлбұлды, Сәкендей дүлдүлді дүниеге әкелген Алакөлдің топырағына қонған кие оның төсінде тіршілік тегершігін жұмыла айналдырған тұрғындарының да бойына дарыған. Қойнауында байлық тұнып, құшағына қазына толған жомарт даламыздан дәм бұйырып, кіндік қаны осында тамған әр тұлғаның жанарында жақұт ойнап, көңілінің көмбесінен жылылық төгіліп тұратыны жасырын емес. Бұл тұмса табиғатынан дархандықты, тәкаппар тауларынан даралықты, таза ауасы мен шипалы суынан даналықты бойына сіңірген әр алкөлдіктің ізгі қасиеті.

Өткеніміз бен бүгінімізге бажайлап қарасақ татулығымыздың тұғырын нықтап, қанға сіңген қазақи дағдыларымызды дәріптеп жүрген, дидарынан нұр тамып, жүрегінен жылылық нұры себездеп тұрған жерлестеріміз жетерлік. Ескіден қалған есті әңгімелерге сүйенсек ерекше жомарттығымен танылған Есім төредей текті түлеген өлкенің тумасы Бауыржан Кеңесбекұлы сол атымтай азаматтармыздың көш басында екендігі мәлім.

Алакөлдің атымтай азаматының демеушілігімен Лепсі ауылдық округі, Ойжайлау атшабарында жылдағы дәстүр бойынша ұлттық ат спорты ойындары мен қазақ күресінен дүбірлі дода ұйымдастырылды. «Ер қанаты – ат» демекші, топты көрсе тыпыршып тыныш отыра алмайтын ат сүйер қауым атшабар маңайына көптеп жиналды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген тұрқында мін жоқ тұлпарлар да думанның қызығына қызу қоса түскені тағы бар.

Төбеден өтіп, тұла бойды қыздырған күнге қарамастан мерекелі көңіл-күйдегі меймандар желдей жүйіткіген жүйріктер бәсекесінің әр сәтін де көзден таса қалдырмады. Жасыл желекке оранған жайлау мен таудан соққан самал да көрермендердің тамырын дөп басып, талғамдарынан шықты.

Ашық аспан астындағы айтулы думанның құрметті қонақтары жиналғаннан кейін аудан аумағында өсірілетін асыл тұқымды төрт түлік көрмесі көрсетілді. Етті, сүтті бағыттағы мүйізді ірі-қара, таза қанды жылқылар, қоңды қойлар көрермендерді тәнті етті. Әсіресе, екі жастан енді асса да жарты тоннадан ауыр салмақ беріп отырған бұқалар таңғалдырмай қоймады.

Уағдалы уақытында қоңыр үнімен дала төсін күмбірлеткен жүргізушілер сахна төрінен дулы думанның басталатынынан хабардар етті.

Сөз алған Жетісу облысы әкімінң орынбасары Ә.Жақанбаев егісі кең, өрісі байтақ өңіріміздің өсу һәм өркендеу жолында талмай еңбектеніп жүрген ауыл шаруышылығы саласы қызметкерлерін көктемгі қызу тірліктің аяқталуымен құттықтап, дихандар мен шопандардың ісі ілігерілей түскенін тілге тиек етті. Ауданның даму процесін еселеп отырған аталмыш салада да көптеген тың өзгерістер орын алып, қарымды қадамдар басылғанын жеткізді.

Талай жылғы тыңғылықты ісімен ерекшеленген, көрген-білгені көл-көсір, айтары мол ақсақалдар шарапаты мол батасын бергеннен кейін, ауыздығымен алысып, жер тарпыған тұлпарлардың жүгені бос қойылды.

Алғашқы болып сөре сызығынан топ бәйгенің жүйріктері өтті. Бірі әлі мектеп табалдырығын аттамаса, екіншілері енді ғана сегіз-тоғыз жасты еңсерген шабандоздардың отырысы мығым, шабысы мәнерлі. Қатарласа тізгін қағып, жүйріктерінің жүгенін бір босатып, бір тарқан олардың мақсаты бәйге басынан көріну ғана. 

Доданың келесі дүбірі жорға бәйгеге беріліп, өмілдірігін үзердей алқынып, ауыздықтарын күрс-күрс шайнаған жүйріктер жүгендерін босата сала алға жүйітки жөнелді. Ырсылдаған жылқылардың танауынан өткен әр жұтым ауа мен шабандоздардың жүрек қағысы қатар естілуде. Алқалы топ алқына күткен аламан бәйге де жиналғандарды бір серпілтіп тастады.

«Күш атасын танымас» демекші белдескеннің белін үзіп, тірескеннің тізесін бүгер балуандарымыз «Түйе палуан» атағын сарапқа салып, бап пен бақ таласына түсті. Боз кілемнің шаңын қаққан сайыпқырандар айналаны қиқуға толтырып, күнделікті күйбең тірліктен мезі болған көрермендерді бір серпілтті.  Алыптар айқасқа түскен бәсекенің байламы байламы бойынша жыландылық Айбек есімді балуан талай боз кілем шеберлерінен басым түсіп, 3 млн. қаражатты иеленді.

Ат сүйер қауымның құрметіне ақшаңқан күйіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Ошақ басында әпкелеріміз қазан-қазан ет асып, төл сусындарымыз судай төгілді. Әр қазақ үйдің ішінде дуалы ауыз ақсақалдарымыз ақ батасын беріп, тірлігіміздің құтты, бірлігіміздің мықты болуы тіленді. Осылайша тәулік бойына созылған дүбірлі думан да мәресіне жетіп, жиналғандар жайдары кейіпте тарасты. Өңіріміздің мерейін еселеп, мәртебесін көтерер сәттеріміз көбейе берсін. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген ұлы дала елінің ұлағатты ұрпақтары жасасын. Тойымыз тойға ұлассын, ағайын!

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: