Қолөнер көрмесі: Ұлттық құндылықтар-ұлт қазынасы


Ұлы дала төсінде дәстүріміз жанданып, ұлттық өнеріміздің алтын ар-қауының бірі саналатын қол¬өнер¬шілер көрмесі ұйымдастырылды. Игі шара Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ кентінде өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап орайластырылған көрме-жәрмеңкесі «Жетісу- Ұлы Жібек жолының басты қақпасы» деген әсем атауды арқау етті.
Жетісу өлкесінің түкіпір-түкпірінен 30-ға жуық қолөнер шеберлерінің басын қосқан қайырымдылық көрме-жәрмеңкесінің өтуіне Ескелді ауданының әкімдігі мен «Алтын Адам Жетісу шеберлер орталығы» ҚБ, Алматы облысының іскер әйелдер кеңесі мұрындық болды.
«Қолөнер мәдениетін қалыптастыру ішкі туризімді дамыту мақсатында шараны ұйымдастырдық. Орталық алаңға 30-ға жуық қолөнершілер жиналды. Өз жұмыстарын паш етіп, шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Жергілікті халыққа, жастарға да өзіндік беретін мол тәрбиесі бар»,-деп атап өтті Ескелді ауданының әкімі Рустам Али.
Жәрмеңкеде зергерлік, киізден, жібектен жасалған бұйымдар, былғарыдан белбеу, әмиян, ат әбзелдері мен қыштан құйылып, ағаштан ойылып көмкерілген ыдыс-аяқтар және музыкалық аспаптар, алаша, көрпе, жастықтар ел назарына ұсынылды. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады.
Соның ішінде, түрлі – түсті жіптері қыздың қолаң шашындай таралып тұрған ерекше бұйым көрмеге келушілердің назарын бірден өзіне аудартты. Керім сұлудай керіліп тұрған бұл «кермебауда» Хырғауыл Кәкей апайымыздың қос қолының табы қалған. Хырғауыл ана – ежелден қазақ тұрмысында қолданылып келе жатқан термебау тоқу өнерінің хас шебері. Шабыт келсе бір аптаның шінде тоқып бітіруге болады деген қолөнерші, әр іске сүйіспеншілік керек дейді.
«Ата-бабалардың бұрынғы әдісі бойынша жіпті иіріп алып жасаймыз. Есімді білгелі ұлттық өнермен айналысамын, біздің қанымызға сіңген дүние. Қолдан келсе, болмысымызды айшықтайтын бұйымдарымызды көрсетіп тұрғанға не жетсін»,- деп айтты шебер Хырғауыл Кәкей.
Киіз үйдің жабдығы нақтыласақ, шаңырақтың желбауы ретінде қолданылатын бұл баудың ұзындығы 3 метр, ені 30 см болады екен. Серіппеге байланып, адырға тартылған жіптер тізілген моншақтай болып, бір-біріне қабысып өрілгенде, қос жанардың ішінде әлемнің сұлулығы кестелеп берілгендей бейне тұнады.
Күн көзіне шағылысқан көркем өнердің нәтижесі тізқатар тізіліп, ой санаңды еріксіз баурап алады. Ұлтымыздың келбеті, қазақилықтың лебі есетін, ұсталардың он саусағының ебінен пайда болған жұмыстардың бірі гипстан мүсінделген тау шатқалдарын мекен етуші тауешкі, бұғылар мен еркіндіктің нышаны болған-жылқы бейнесі таңдай қатырғаны жасырын емес.
10 жылдан бері мүсін жасау өнерін серік еткен Фирюза Бутенко Текелі қаласының тұрғыны.
«Отбасыма, туған өлкеме деген махаббат менің қиялыма қанат бітіреді. Жүректе тыныштық орнаған сәтте керемет естелік заттар жасаймын. Бір жұмысты толықтай бітіруге 2 апта уақыт қажет болады. Өз еңбектерімде ананың балаға деген сезімін, еркіндіктің бейнесін, қонақжайлылықты көрсетуге тырысамын. Мендегі бар қолөнерлер заттары салт-дәстүр, рухани құндылықтармен астасып жатыр»,-деп атап өтті Фирюза Бутенко.
Ескелді ауданының төрінде өткен шараға Еңбекшіқазақ ауданынан арнайы келген отбасылық шеберлерде болды. Отағасы Қоңыр Егенұлы ат әбзелдерін, күмістен әшекей бұйымдар жасап, теріге сурет салумен айналысса, жұбайы Анаргүл Норботанова қазақи нақыштағы киім үлгілерін тігуге машықтанған.
Айта кетейік, облыстың кіл мықты шеберлерінің басын қосқан қайырымдылық көрме-жәрмекеңкесі дәл осы, Анаргүл ханымның үздік сән топтамаларын көрсетуден басталған болатын. Қос шебердің ұлдары Бақытжанға келер болсақ, ол қыштан ыдыс-аяқ жасауға дағдыланған.
«Қыштан ыдыс жасауды арнайы оқыдым, бала кезден ата-анамыздың жанында жүріп қолөнерді меңгеріп өстім. Жаныма жақыны сазбалшықпен жұмыс жасау.Балшықты алып, оны илеп әуелі дайындап, тазалаймыз. Сосын барып қолдануға кірісеміз. Қыштан ыдыс жасаған кезде ең бастысы арнайы құралға салғанда ортасын дәлдеп тауып, негізгі қалпын жасап алу керек. Бастапқы да формасы дұрыс болмаса, ыдыстың сұлбасы шықпай қалады. Әуелде қалпына келтіріп алса, артынша ернеуін жасау, әсемдеу ісі оңай болмақ»,-дейді Бақытжан Еген.
Осылайша қолөнерді ата кәсіп ретінде танып отырғандар қайырымдылық шарасында төбе көрсетті. Көрмеге алып келінген заттарда есеп жоқ. Бұл қатардан киіз, майлы бояу, моншақтардан салынған картинаны да көруге болады.
Сондай ерекше туындының бірі «Қапшағай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-гі мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан. Олар киізден, қасқырдың, су айдынындағы кеменің, жайқалған гүлдің сұлбасын айна-қатесіз бастырып шыққан.
Шара соңында, «Горец» би ансамблі өнер көрсетіп, барша қатысушыларға Ескелді ауданының әкімі Рустам Алидің атынан арнайы алғыс хаттар табыс етілді.
Пішіндердің ықшам да мәнді үйлесімі, түстердің жоғары талғамы, өрнектердің әсемдігі, композициялық шешімі, көздің мүлтіксіздігін, колдың дәлдігін және қиял ұшқырлығын ұштастырған өнері өрге жүзген жандардың жасампаз елге тартуы мұнымен толастар емес. Көрмеде көптің назарына ұсынылған көркем бұйымдар төрттен бірі ғана. Алматы облысының шеберлерінің сандығында ел көрмеген, тамсанарлық сан дүние жатыр. Сондықтан да, жетісулық қолөнер шеберлерінің жұмыстарын насихаттау өз жалғасын табатын болады.
Солайша, қазаққа ортақ құндылықтар ұлықталып, көне дәстүрлер көздің қарашығындай сақталмақ.

Мәліметпен бөлісу: