Орман – табиғат берген баға жетпес байлық, таусылмас қазына. Оның қаз-қалпында сақталуы мен қорғалуына баскөз болатын орманшылардың еңбегі қай уақытта да елеулі. Себебі қоғам мен қоршаған орта егіз ұғым, адамзаттың қалыпты өмір сүруіне де табиғаттың тікелей әсері бар.
Жуырда Қабанбай ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында орманшылар күніне орай Үйгентас орман шаруашылығы ұжымымен саланатты кездесу өтті. Оны округ әкімі Қ.Қабдылдаев ашып, жүргізді.
Аталмыш жиында Үйгентас орман шаруашылығының директоры Е.Бекбаев әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін ағытты.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты жануарлар дүниесі бөлімінің бас маманы М.Дәрікбаев табиғат сақшылары атанған орманшылардың елеулі еңбегін атап өтіп, олардың ісіне табандылық пен төзім тіледі.
Келесі кезекте ардагер ормашы С.Тасболатов, Ақжар ауылдық округінің әкімі Е.Жапарғалиев, Тентек орманшылығының орманшысы М.Омаров сөз алып, ақ тілектерін ағытты.
Артынша өзінің тыңғылықты еңбегімен танылған орманшыларға ҚР Ауыл шаруашылығы министрілігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, облыс әкімінің, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, аудан басшысы мен Үйгентас өңіріндегі округ әкімдерінің, мекеме директорының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.