ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

Құрметті жерлестер! 23 тамыз күні еліміз үшін маңызды саяси науқан – Құрылтай сайлауы өтпек. Бұл әрбір азаматтың ел тағдырына бейжай қарамай, өзінің азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды кезең. Мемлекеттің дамуы, қоғамның тұрақтылығы мен болашақ бағыты халықтың таңдауына тікелей байланысты екені анық.
Құрылтай – қоғамның әртүрлі көзқарастары мен ұсыныстары тоғысатын, елдің өзекті мәселелері талқыланатын, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын маңызды алаң. Оның басты мақсаты – ұлттық бірлікті бекемдеу, қоғамдық келісімді сақтау және мемлекет дамуына қатысты маңызды бастамаларды қолдау. Сондықтан Құрылтайдың құрамы қандай болатыны әрбір азаматтың таңдауына байланысты қалыптасады.
Бүгінде Құрылтай сайлауы қарсаңында саяси партиялар арасында қызу бәсеке жүріп жатыр. Әр партия өз бағдарламасын ұсынып, халықтың сеніміне ие болуға ұмтылуда. Бұл демократиялық қоғамның қалыпты көрінісі. Әрбір сайлаушы партиялардың сайлауалды бағдарламаларын мұқият зерделеп, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жастардың болашағына, білім мен денсаулық сақтау саласына, кәсіпкерлікті қолдауға және ұлттық құндылықтарды сақтауға қатысты ұстанымдарын саралағаны жөн.
Әр азаматтың таңдауы өз болашағымызға, балаларымыздың ертеңіне, туған жеріміздің өркендеуіне деген жауапкершіліктің белгісі. Азаматтық белсенділік пен саналы таңдау ғана қоғамның дамуына оң ықпал етеді. Сондықтан әрқайсымыз өз таңдауымызды эмоцияға емес, нақты бағдарламалар мен ұсыныстарға сүйене отырып жасағанымыз дұрыс.
Қай партияны немесе кандидатты қолдасақ та, ең бастысы – еліміздің тұрақтылығы мен бірлігіне, әділетті қоғамның қалыптасуына үлес қосу. Саналы таңдау жасап, азаматтық борышымызды орындау – мемлекет алдындағы жауапкершілігіміздің бір көрінісі.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
“Алакөл” аудандық газетінің директор-бас редакторы

Мәліметпен бөлісу: