
Күні бүгін отбасылық құндылықтарды насихаттау, ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің орнын айшықтау, жастарды зиянды әдеттерден сақтау, яғни нашақорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру мақсатында аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мемлекеттік тапсырысы аясында «Alakol Press» ЖК-ның ұйымдастыруымен «Әкелер» мерекесі мен Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «Әкем, анам және мен – спорттық отбасы» кешенді жанұялық додасы өтті.
Шараға ауданымыздың ауылдық округтерінен отбасылар қатысып, 6 кезеңнен тұратын сында бап пен бақ таласына түсті.
Доданың ашылу салтанатында алғашқы сөз алған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Б.Айтахметов қазіргідей ажырасу, зорлық-зомбылықтар белең алып отырған уақытта отбасылық жарасым мен жылылықты сақтаудың, жанұядағы әке тәрбиесіне жіті көңіл бөлудің, есірткі заттарынан аулақ болып, спортпен шұғылданудың маңыздылығын айтып өтті.
Жетісу облыстық мәслихатының депутаты, «Жанұя» отбасыларды қолдау орталығының директоры А.Садиев ежелден қазақ халқы әулеттің үлкендеріне ұйып, тәлім мен тәрбиені тал бесіктен бастағанын, сол бесікті тербеткен ана мен түзде жүріп тірлік қамын реттеген әкенің отбасындағын рөлін тілге тиек етті.
Жарыстың бас төрешісі А.Ыбраев доданың ережесімен таныстырғаннан кейін 6 кзеең бойынша сайыс басталды.
Алғашқы кезеңде отбасылар кезегімен допты тебу арқылы кедергілерден өтсе, екінші сында ана мен баласы секірме арқылы уақытқа жарысты. Үшінші кезеңде белге дейін қап киіп, кедергілерді бағындырса, төртінші сында пинг-понг таяқшасы арқылы уақытқа сайысты. Артынша отбасылық арқан тартыс және аналар мен әкелердің қол күресі бойынша мықтылар анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынға қайнарлық Садуақасовтар және ынталылық Басқанбаевтар жайғасып, арнайы кубок, медаль, диплом және 30 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екпінді ауылынан келген Шариғатовтар жанұясы екінші орынның мінберіне көтеріліп, 50 мың теңгеге ие болды. Ал жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар көрінген бұлақтылық Қабдолдаевтар отбасы алтыннан алқа тағынып, 70 мың теңгенің сертификатын тақымдады.
А.ЕСЕНБЕКОВ.