Отты жылдар елесі

Айналдырған төрт-ақ жылдың ішінде адамзат тарихында ғасырлар емі дауа болмастай із қалдырған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына міне 73 жыл толды. Кеңес үкеметін тізе бүктіру мақсатында шекара шебін бұзып, тыныш жатқан халыққа ойран салған фашистік Германияның бұл әрекеті миллиондаған тағдырдың тас-талқанын шығарып, талай мемлекеттердің даму процесін тежеді. Сондықтан да соңғы сапардың сәтті аяқталған мезеті мәңгі жадымыздан қалары хақ.

Жеңіс туының тұғыра қонған жетпіс үшінші көктемін алакөлдіктер айрықша атап өтті.

«Еңсесі биік – ұлы Жеңіс» тақырыбында ұйымдастырылған салтанатты митинг Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған мемориал мен Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды.

Соғысқа аттанған майдангер ата-апаларының суреттерін, есімдері жазылған тақталарды ұстаған алакөлдіктер «Мәңгілік қатардағы жауынгер» атты ұрпақтар шеруімен жүріп өтіп, жас жеткіншектер соңғы ардагеріміз бен тыл жеңіс күнін жақындатқан тыл еңбеккерлеріне арнайы дайындаған сыйлықтары мен гүлдерін тарту етті.

Сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов отты жылдары Отан үшін оққа ұшып, жан беріп, жан алысқан жерлестеріміздің ерлігіне тағзым ету басты парымыз екендігін тілге тиек етсе, тыл еңбеккері С.Қабдолдаев сол уақыттағы халықтың аласапыран тірлігі жайлы әңгіме өрбітті.

Келесі болып мінберге көтерілген Үшарал қазақ гимназиясының оқушысы Ш.Ақатаев тәуелсіздік ұрпақтары атынан ардагерлерге алғыс білдіріп, жастар соғыссыз болашақты қалайтындарын жеткізді.

Артынша 2484 әскери бөлімінің үздік жауынгерлері қоян-қолтық ұрыстан мастер-класс көрсетіп, жиналғандарды таң қылды.

Сонымен қатар, аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылып, Жеңіс күні жоғары дәрежеде аталып өтті.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: