Пәтер кілттері табысталды

Жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатқан ауданымыздың бүгінгі келбеті бұрынғы көркінен ерек. Сәні мен салтанаты астасқан зәулім ғимараттар сап түзеп, сәулетіміз бен дәулетіміз еселенуде.

Ұлтымыздың ұлық мейрамы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында бой көтерген бес қабатты тұрғын үй халық игілігіне беріліп, жиырма отбасы қоныс тойын тойлады.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев жиналғандарды төрден орын алған төл мерекемізбен құттықтап, баспаналы болу бақыты бұйырғалы тұрған азаматтарға пәтер кілттерін табыстады. Көптен бергі армандарына жан біткен тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Біріншілерінің жанарын жас торласа, екіншілері езулерін жия алмауда.

Артынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Байбазаров ақ батасын беріп, тұрғын үйдің лентасын қиды.

Дәмі кетпеген дәстүріміз бойынша шашу шашылып, пәтер есіктері ашылды.

Қолданысқа берілген бұл көп қабатты баспана Үшарал қаласының шығыс беткейінде құрылысы басталған шағын ауданның алғашқы нысандарының бірі. Аталмыш тұрғын үйдің инфрақұрылымдары толықтай ретке келтірілген. Жарық тартылған, судан тапшылық жоқ. Жылу мәселесі де шешілген.

Бас мердігер «Бағалы Алакөл» ЖШС ғимарат құрылысына соңғы үлгідегі әрі төзімді материалдарды пайдаланған. Көп қабатты үй жүз жылдық сынақтарға шыдас берердей тұрғызылған. Жобаның жалпы құны 137 млн. теңгені құрайды.

Бір айта кетерлігі, пәтер кілттері кезекте тұрған азаматтарға, ерекше күтімді қажет ететін жандарға, көп балалы аналар мен мемлекеттік қызметкерлерге табысталды.

Бұдан бөлек бұл шағын ауданда жиырма, алпыс пәтерлі бірнеше тұрғын үйлер, мектеп және т.б ғимараттар бой көтермек. Сонымен қатар, осы маңда орталық саябақ (338 млн. теңге) пен «Туған жер» бағдарламасының негізінде жерлесіміз С.Мыңбаевтың демеушілігімен спорт кешені (құны 550 млн. теңге) салынуда.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: