Аспан асты елімен иық тірестіріп, шекара шебінде шаңырағын тіктеген айдынды Алакөл ауданының бүгінгі даму қарқыны тұрақты. Қай салаға көңіл аударсаңыз да мерейлі жетістіктерді, межесіне жеткен жобаларды аңғарасыз. Сан мыңдаған тонна жүк тасымалы жүзеге асып, Орта Азия мен Еуропаны жалғап жатқан өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігіне бағдар жасау мақсатында аудан пандемиядан кейнігі дағдарыстан еңсесін көтеріп келеді.
Шыны керек, тек ел аумағында ғана емес, күллі әлем халқын әбігерге салған тәжвирусының кесірі бәрімізге де тиді. Қанашама жұмыс орындары қысқарды, тұрғындардың табысы да кеміді. Жеке кәсіп желкен көтере алмай, дағдарыс дауылына төтеп беру де қиындады. Барлығымыз да «Бұның арты не болар екен?» деп, болашаққа қорқынышпен қарағанымыз да рас. Алайда, тәубә, мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен ел бірлігінің арқасында карантиндік қатаң талаптардың тоңы жібіп, топырағы жұмсарғандай. Ең бастысы, Ебінің желіне тербеліп, дала төсінде еркін тербелген көліміздің ырысын көптеп көрдік. Былтыр құзғынша шүйірілген коронавирустың салдарынан ауданымызға келер туристер саны да едәуір кеміген еді. Биыл миллионның үстіне шығып, кеңінен тыныстауға да мүмкіндік туды.
Осындай қиын-қыстау кезеңде өңірдің экономикалық өсімін тұрақтандыру, әр саланың аяқ алысын үдетпеу оңай соқпады. Бір жағынан туристік аймақтағы вирустың таралу қауіпі де жоғары болды. Бұның барлығын бір жолға салып, жүйелендіру үшін жұртшылықпен жұмыла еңбек етіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білдік. Нәтижесі жаман емес. Әр саладағы өсім көңіл қуантарлықтай, жоспарларымыз да ойдағыдай орындалуда.
Бастапқыда «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» кейіпінде болдық. Мыңдаған адамның кәсібі болып отырған көл бойындағы күйбең тірлікке тосқауыл қою да мүмкін емес еді. Екінші жағынан тәжвирусы да тамырын терең батырып, алқымнан ала түсті. Барлық тарапқа да тиімді әрі оңтайлы жағдайды қалыптастыру үшін ең алдымен карантиндік талаптарға баса назар аудардық. Өңірде бетперде тағу, арақашықтықты сақтау сынды қарапайым ережелерден бастап, «ASHYQ» бағдарламасын пайдалану, вакциналау жұмыстарын да жеделдеттік. Ел аумағында коронавирустың екінші және үшінші толқыны ауыр болды. Ауруханаларда оттегі жетіспеушілігі, науқастар жататын орынның аздығы байқалды. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында орталық ауруханада автоматтандырылған заманауй оттегі стансасы қойылды. Коронавируспен күреске қажетті барлық құралдар жеткізілді. Ауданның жомарт жандары да қаражаттарын аямай, қиын кезеңде көмек қолын соза білді. Ауруханалар толықтай төтенше жағдайға көшіп, сырқаттарға арналған орындар көбейтілді. Әскери лазареттің де күшін пайдаландық.
Бүгінгі таңда жағдай сәл саябырсыды. Бұрынғыдай ауруханаға толған адам жоқ. Халық та вирустан қорғану жолдарын меңгеріп, сақтық шараларын сақтауға үйренді.
Көл бойында да демалыс орындары «ASHYQ» қосымшасы арқылы жұмыстарын жалғастырып, Ақши, Көктұма амбулаториялары қосымша дәрігерлермен күшейтілді.
Ендігі мақсатымыз халықты 100 пайыз вакциналау. Бүгінгі таңда екпенің бірінші бөлігін 26 101 тұрғын, екінші бөлігін 23 295 адам алды.
Тәубә, биыл құрылыс саласындағы қадамдарымыз қарымды. Үшарал қаласында 150 га жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Республикалық және облыстық трансферттер есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 20 және 60 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйлерді де ерекше атап өткен жөн. 60 пәтерлі үйді осы жылдың желтоқсан айында қолданысқа беру жоспарымызда бар. Бұны ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен сабақтастырып отырмыз. Сонымен қатар, Ақтүбек ауылында 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталған. Нысанға 517 млн. теңге бөлінген. Жұмыстың аяқталу мерзімі ендігі жылдың ақпаны. Алайда мердігер компания «Алакөл-Асыл-Құрылыс» өкілдері ҚР Тәуелсіздік күніне орай мәдениет үйін қолданысқа береміз деп отыр.
Бұдан бөлек, Достық кенті мен Лепсі ауылында дене шынықтыру және спорт кешендері салынуда. Аспан асты елімен иық тірестірген Достық ауылындағы кешен құрылысы былтыр басталған. Аталған нысан да жоспар бойынша жылдың соңына дейін халыққа есігін айқара ашады. Бұл ғимарат та тәуелсіздік мерекесімен сабақтастырылмақ. Спорт саласына байланысты Үшарал мен Бескөл ауылдық округінде 15 млн. теңгеге воркаут орталықтары ашылды.
«7-20-25» бағдарламасы негізінде аудан орталығында «Бағалы Алакөл» ЖШС 21 тұрғын үйдің құрылысын жүзеге асыруда. Қазіргі таңда инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы күтілуде.
Туризмнің алтын ошағына айналған Ақши, Көктұма ауылдарындағы жұмыс қарқыны жоғары. Ауыз су және кәріз жүйелерін реттеуге бюджеттен миллиардаған қаражат қарастырылды. Көл жағалауын бекіту жұмыстары да жалғасуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша ақшиде «Жалын» қала сыртындағы лагерін жаңғырту да күн тәртібінде тұр. Жобаның құны 1 млрд. 26 млн. теңгені құрайды.
Алакөл даласы ең алдымен өзінің туризм саласындағы жоғары әлеуетімен танымал. Табиғаттың талай кереметтерін төсіне қондырған киелі өлкенің басты жауһары – көл. Осының арқасында биылғы шомылу маусымында өңірге 1 млн. 340 мың турист келген.
Карантиндік талаптар мен пандемиялық ахуал шипалы көлдің тынысын тарылта қоймады. Былтыр тәжвирусына қарсы қолға алынған қатаң талаптардың салдарынан демалушылар саны 800 мыңға жетеқабыл болған еді. Алайда, биыл бұл көрсеткіш екі есеге ұлғайды.
Толқыны тулаған, шағаласы шулаған көлдің бойында шаңырағын тіктеген Ақши, Көктұма ауылдарын барлығы 278 демалыс орны қызмет еткен болатын. Биыл олардың қатары 14 нысанмен толықты. Айта кетсек, 2,127 млрд. теңгеге 250 орындық «Комфорт» (527 млн. теңге), 150 орындық «Арман Су» (135 млн. теңге), 75 орындық «Бастау» (85 млн. теңге) сынды үлкен жобалар мен бірнеше орта деңгейдегі демалыс орындары қызметін бастады. Нәтижесінде 87 жаңа жұмыс орны ашылып, 8 млрд. теңгенің ақылы қызметі көрсетілген.
Меймандардың қауіпіздігі мен сапалы қызметке де көңіл бөлінуде. «Суда ерлік жоқ» демекші, абайламасаң ажал құштырар көлде шомылу маусымында құтқарушылардың иығына артылған жүктің салмағы да артқандай. Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты мекемеде 13 адам абыроймен қызмет етуде. Жазда осы азаматтардың арқасында 28 адам, соның ішінде 7 бала құтқарылған. Олар жаңа заманның сұранысына сай су көліктерімен, өзге де қажетті техникалармен толықтай қамтылған.
Айдынды өңірге сапарлай келетін меймандардың 80 пайызы Ақши ауылын таңдайтыны жасырын емес. Жылдан жылға көркейіп келе жатқан аядай ғана ауыл кішігірім қалаға ұқсап барады. Сәні мен сәулеті жарасқан түрлі демалыс орындары мен әлеуметтік нысандар да бой көтеруде. Бір айта кетерлігі миллионнан астам туристі қабылдауға қауһарлы ауылдың небәрі 650-ге жуық қана тұрғыны бар.
Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстар да көңіл қуантады. Ауылға кіре берісте 600 млн. теңгеге төрт жарым гектарға қанатын жайған керемет саябақ салынды. Бұнда субұрқақ мен 350 орындық ашық аспан астындағы амфитеаторы, балалар ойын алаңы мен кафелер, естелік сыйлық дүкендері орналасқан. Тағы бір айта кетерлігі, Ақши ауылында жағажай волейболы, шағын футбол алаңы мен үлкен теннис корты ашылды. Көктұма ауылында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында спорт алаңы салынды.
Ақшидегі ауқымды істердің бірі ретінде ауыз су жүйесін салу жобасын айтуға болады. Жалпы ұзындығы 52 шақырымды құрайтын су жүйесіне 2,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Кәріз жүйесі де күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытқа да 1,4 млрд. теңге қарастырылып отыр. Ең бастысы жағаны бекіту жұмыстары қолға алынды. 6 млрд. теңге бөлінген жобаның жүзеге асуы барлық тарапқа да тиімді. Былтыр пандемияға байланысты кедергілер туындап, құрылыс кешеуілдеген еді. Алайда биыл іс қайта жандануда.
Туристердің санын арттыру мақсатында «Талдықорған – Үшарал», «Үшарал – Ақши – Көктұма» күре жолдары да күрделі жөндеуден өтуде. Биыл туризмнің қазаны қайнаған қос ауылға апарар жолдар ашылып, барлығымызды да қуантты.
Шомылу маусымында «Үшарал» әуежайының да қызмет қарқыны артты. «Талдықорған-Үшарал» бағытында күніне екі мәрте, «Алматы-Үшарал» бағытында аптасына 7 күн, «Нұр-Сұлтан-Үшарал» бағытында аптасына 6 рет ұшақ қатынады. Жазда барлығы 22344 жолаушы әуе рейстарын қолданған. Қазіргі таңда әуежайдың қуаттылығын арттыру, алып ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік туғызу мақсатында ұшып-қону жолағын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынды. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 7,5 млрд. теңге бөлінген.
Теміржол қатынастары да ойдағыдай қызметін жалғастырды. «Алматы-Жетіген-Достық», «Нұр-Сұлтан-Нұрлы-Достық», «Нұр-Сұлтан-Достық», «Алматы-Достық» бағыттарында күнігі пойыздар тоқтамады.
Алакөл ауданының тұрақты экономикалық өсіміне тірек болып отырған салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Диқаны даланы қопарып, түйір дәнінен табақтап өнім алса, шопаны төрт түлігінің төлін санап әлек. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласы өз қарқынын жоғалтпаған.
Өткен тоғыз айдың қорытындысына назар аударсақ аталған салада барлығы 24 млрд. 414 млн. теңгенің өнімі өндірілген.
Көктемгі егіс жұмыстары ойдағыдай аяқталып, ала жаздай тыным көрмеген диқандар 85 мың гектарға жуық жерді игерген. Түздегі тірліктің қазанында қайнаған шаруалар күн-түн демей еңбектеніп, қызыл қырманның қызған шағында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Күзгі жиын-терінге келсек, 41 мың гектарды алып жатқан дәнді-дақылдарды жинау толық аяқталды. 7,5 мың гектардағы күзгі бидайдан 12,5 мың тонна өнім алынып, әр гектарға 16,7 центнерден айналды. Жаздық бидай егілген 6,8 мың гектар егістіктен 15,2 мың тоннадай астық жиналды. Бұндағы әр гектардан 22,2 центнер өнім бұйырды. Өзге дәнді-дақылдарға келсек, 1,1 мың тонна сұлы, 400 тонна құмай жүгері (сорго), 3,2 мың тонна дәндік жүгері қамбаға төгілді.
Қалтаны майлаған майлы дақылдар да шаруалардың көңілінен шығуда. 22,1 мың гектардағы майбұршақтың 8,5 мың гектары жиналып бітті. Өнім көлемі 18,6 мың тоннаны құрап отыр. Әр гектарға 22 центнерден айналуда. Бұл ретте Алакөл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі дабыл көтеруде. Себебі, майбұршақ қана егілген жердің құнарлығы кеміп, өнім көлемінің алдағы уақытта азаюына әкеліп соғуы ықтимал. Ол үшін ауыспалы егістік ұғымына көшкен жөн. Жердің тынығуына, құнарлығын қалпына келтіруіне мүмкіндік беріп, дақылдарды алмастыру маңызды екені сөзсіз.
4,8 мың гектардағы күнбағыстың 3,9 мыңы жиналып, 3,4 мың өнім берді. 40 гектардағы мақсарыдан 33 тонна дақыл алынды.
Аудан Кеңес заманында қант қызылшасы бойынша үздіктер қатарынан түспей, үнемі рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізетін. Өңірді еліміздегі қант қызылшасын өсіретін негізгі аймаққа айналдыру ісі қарқын алып жатқанымен, нәтиже көңіл қуантарлық емес. Жыл басында 800 гектар жерге өнімділігі жоғар тұқымдар егілгенімен, көктемгі ауа райының қолайсыздығына байланысты 300 гектардан жердің бетіне көк жарып шыққан балтамыр болмады. Қалған 500 гектардағы тәтітүбірдің 20 гектары жиналып, 600 тонна өнім берді. Алдыңғы жылдардағыдай қазылша қар астында қалмай, толық жиналады деген ойдамыз.
Қазіргі таңда республика бойынша дизель отынының тапшылығы мен қыбаттауы байқалуда. Бұл мәселені шешу мақсатында шаруаларға 1430 тонна арзандатылған жағармай бөлініп, осы күнге дейін 300 тоннадайы босатылды.
Аудандағы мал шаруашылығы да адымын үдеткен емес. Алакөл даласында 86 мың бас ірі қара, 262 мың қой-ешкі, 33 мың жылқы өріп жүр. Жыл басынан бері 9,5 мың тонна ет, 29,8 мың тонна сүт, 475 тонна жүн өндірілген. Өсім тұрақты, жұмыс қарқынды.
Ендігі мақсат төрт түліктің қытымыр қыстан қысылмай шығуын қамтамасыз ету. Өңірдегі 52 мың гектар шабындық жерден жоспарланған 354,7 мың тонна жем-шөп толығымен дайындалды. Оның ішінде 193,8 мың тонна табиғи шөп, 62,6 тонна пішендеме, 39,4 мың тонна сабан, 20,7 мың тонна құрама жем, 37,4 мың тонна сүрлем әзір тұр.
Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында «Алакөл» несие серіктестігі арқылы 39 шаруа қожалығына биыл 286 млн. 600 мың теңгенің несиесі берілген. Бұлар «Кеңдала», «Іскер», «Агробизнес» бағдарламалары негізінде жүзеге асты.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.