Нарықтық экономиканың дәурені жүріп тұрған заманда қарапайым халықтың тілек-мүддесін ескеріп, пайдалы кәсіп көздерін тапқан азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер де аз емес. Төмен пайызды яки үстеме қаржысыз несиелер, субсидиялар, түрлі жеңілдіктер де қарастырылған.
Талап пен талпыныс болса кез-келген бизнес түрін дөңгелетіп әкетуге өте қолайлы өңір саналғандықтан Алакөл ауданында кәсібін нәсібіне айналдырғандардың қарасы күн өткен сайын көбеюде. Соның ішінде ілкімді идеясын ілгерінді табысқа айналдырған Жумкеевтар отбасын ерекше атап өтуге болады.
Жеке иеліктеріндегі екі қабатты ғимаратты сауда орталығына айналдырмақ болған жанұяға аудан әкімі Ә.Жақанбаев пайымды пікір айтып, тиімді ұсыныс жасайды. Сондағы бағдар мемлекет-жеке меншік серіктестігі арқылы аталмыш нысанды балабақша ретінде реконструкциалау. Халық мүддесіне қарай қызмет етуді көксеген отбасы пәтуәлі шешімнің пайдалы жақтары да мол екендігін аңғарып, бірден келісе кеткен.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында парқы биік «Парасат» бөбекжайының ашылу салтанаты өтті.
Алғашқы болып мінберге көтерілген аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов Елбасының кенен саясатының арқасында жүзеге асқан кемел бастамалардың бірі саналатын бүлдіршіндер мекенінің ашылуымен барша алакөлдіктерді құттықтап, ақжарма тілегін ағытса, балабақша қожайыны М.Жумкеев құрылыс барысында көмек көрсеткен, қолғабыс еткен азаматтарға алғысын жаудырды.
Артынша дәмі кетпеген дәстүріміз бойынша дуалы ауыз қариялар бата беріп, киесі кимешегінен сезілетін әжелеріміз шашуын шашып, белді, беделді тұлғалар нысанның лентасын қиды.
«Балапан» бағдарламасының аясында ашылған бөбекжайдың арқасында балалардың мектеп жасына дейінгі орталықтармен қамтамасыз етілуі 97 пайызды құрап отыр. 2019 жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш жүздік межені бағындырмақ. Санақ бойынша өңіріміздегі он сегізінші балабақша 125 бүлдіршінге арналған. Бір қуантарлығы жоба мемлекет-жеке меншік секторына тиесілі болғандықтан 100 орын 12-15 мың, 25 орын 15-18 мың теңге аралығында өзгермек. Жасампаз жобаның арқасында желтоқсанның бірінші жұлдызынан бастап 19 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Аталмыш мекеменің педогогикалық кадрларының ұйымдастырушылық қабілеттері қарымды, әрі уағыздаушы, әрі тәлімгерші, таланты мен тәжрибесі бір арнада тоғысқан тәрбиелеушілер екндігін атап өтуге болады.
Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады демекші алдынғы толқын өнегелі ата-әже, ана-әкелеріміздің ыждағатты тәрбиелерінің арқасында ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты болып өсері хақ. «Сүтпен сіңген мінез, сүйекпен кетеді» деген тәмсіл осы ойдан тамыр тартқандығы қалтқысыз. Ендігі саты баланың жүйелі түрде тәлім-тәрбиеге сусындайтын ең алғашқы қоғамдық ошағы – Балабақша. Осы орайда бөбектер мекенінің сапасы мен санын арттыру мемлекетіміздің міндетті әрі өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Себебі, «Жастай берген тәрбие, жас қайыңды игендей» демекші болашақ иегерлерін буыны бекіп, бұғанағы қатпай жатып қазақы тәрбиенің уызына жарытсақ ұпайымыз ұтымды түгенделері хақ.
Алмат Есенбеков.
Өте керемет жасалган.Каншама аламдар жумыска турды.Кудай колдап истери алга журе берсин