«Татулық, бірлік, береке» ұғымдары қазақ даласын мекен еткен барша ұлыстардың мәңгілік ұранына айналған қасиетті түсініктер деп білемін. Себебі ұлан-ғайыр атырап төсіне 130-дан астам этнос өкілдерін сыйдырып, жер иесі атанған қазақ халқы да даладай дархан мінезімен ұлылығы мен ірілігін бар әлемге паш етті. Қаны бөлек болғанымен жаны қазақ болып кеткен қаншама ұлыстар Отанын Қазақстан деп біліп, мемлекеттің мызғымас іргетасын қалауға біріге атсалысып келеді.
Тағдыр – өте тылсым құбылыс. Біреуге күле қарап, бар бақытын басына үйе салса, екіншілердің тобығынан қағып, тонын битке лақтырары сөзсіз. Бұл – бұлжымас қағидат, өзгермес заңдылық.
Ілкіде талай ұлыстар өктем елдердің озбырлығымен, азғындығымен атамекеннен айырылып, біздің елдің жеріне, еліне асына ортақтаса тап болды. Алайда, өзгесің деп өзектерінен теуіп көрмеген қазақ халқы жанашырлық пен бауырмалдық танытып, асын бөлісіп, бастарын жұмсақ жастыққа тигізгендері шындық. Табыттан бірақ шығуға бір қадам ғана қалғанда бүтіндей ұлттарды аман алып қалуға орасан зор үлес қосқан ұлы жұрттың ізгі ниеті мен тілегіне Тәңірдің өзі оң қабақ танытып отырғандай. Бүгінде тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап, егемендік туын тік көтерген 30 көктемнің жаңа тынысы елімізді әлемдік деңгейде танылуына, Қазақстан азаматтарының жаһан кеңістігінде танылуына мүкіндік берді.
Осы ынтымағымыздың айшықты белгісі болған «Бірлік күні» мамыражай мамырдың алғашқы тәулігінде аталып өтуі де бекер емес. Жердің тынысы кеңінен ашылып, дала төсіндегі қызу еңбекте басымыз бірігіп, осынау мерекенің құдіретін одан бетер түсіне түскендейміз.
Осынау мақсат-мүдделердің ойдағыдай жүзеге асуы ең алдымен бәріміздің қажырлы да қайратты еңбегімізге, өзара түсіністік пен ынтымаққа, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық және ұлт ішіндегі парасаттылыққа тікелей байланысты.
Еркежан ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
Үшарал қазақ гимназиясының мұғалімі.