
Жуырда мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді ұсынған болатын. Күні кеше бейнеүндеуінде ел игілігі мен халық мүддесін негізге ала отырып, Конституцияға өзгерту енгізу бойынша референдум өткізу күнін 5-ші маусымға белгіледі.
Соңғы рет референдум сонау 1995 жылы өткізілген еді. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Ата Заңға өзгерістер енгізу халықтың еркіндігі мен бостандығынан хабар береді деген сенімдемін.
«Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иелегенуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет етуге тыйым салынады… Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Әрбір азаматымыз дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты өз үлесін қоса алады…»,-деп, атап өтті Қ.Тоқаев.
Осы ретте, референдум тек Ата Заңға ғана емес, барша қазақстандықтардың тұрмысына өзгеріс енгізетінін айта кеткім келеді. Болашақ үшін аса маңызды істе халық болып жұмылып, біріге шешім қабылдауымыз қажет.
Бесінші маусымда кемел келешегіміз үшін дауыс беріп, мемлекеттің ендігі қадамына өзіңіздің үлесіңізді қосыңыз.
Б.САЯТОВА,
облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.