Республика күні қарсаңында Талдықорғанда 22 отбасы қоныс тойын тойлады

Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында Республика күні қарсаңында 22 отбасы қоныс тойын тойлады. Шаттық иелерін қала әкімі Ернат Бәзіл құттықтап, жаңа баспана кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Жайлы баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 22 азаматқа кезек ретімен қаланың «Құлагер», «Шығыс» шағын аудандарынан, «Жастар-3» тұрғын үй алабы мен «Береке» коттедж қалашығынан берілді.

Салтанатты шарада қала әкімі Ернат Бәзіл тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

– Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту біздің басты міндеттеріміздің бірі. Соның ішінде әр отбасының өз баспанасына қол жеткізуі ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты, әсіресе әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауының арқасында тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін баспаналы болған 22 отбасын қоса алғанда, жыл басынан бері 639 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал жыл соңына дейін 1500-ден астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Әр шаңыраққа ырыс-береке, бақ-дәулет пен шаттық тілеймін! – деді қала әкімі.

Бүгін көптен күткен баспанасына қол жеткізгендердің қатарында алты баланың анасы Нұржібек Қожабай да бар. Ол бұл күннің отбасы үшін ерекше қуанышқа толы екенін айтып, көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді.

– Бұл күн отбасымыз үшін ұмытылмас сәттердің бірі болды. Көптен күткен баспанамызға қол жеткізіп, қуанышымыз еселеніп отыр. Мұны алты баламның несібесі деп білемін. Енді осы шаңырақта тек жақсылық пен қуаныш болсын деп тілеймін. Бізге осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен мемлекетімізге және облыс басшылығына шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нұржібек Қожабай.

Айта кетейік, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Талдықорған қаласында 92,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның басым бөлігін жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлерге тиесілі.

Мәліметпен бөлісу: