Республика күні: Елдік пен еркіндіктің тойы

Р

          1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізі жарияланды.

          Егеменді мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары белгіленді: біртұтас мемлекет, аумақтық тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қолсұғылмаушылығы, қазақ халқының және Қазақстанның басқа да халықтарының өзіндік мәдениетін, дәстүрлерін, тілін жаңғырту, дамыту және ұлттық бірегейлікті нығайту.

          Қазақ халқы – ежелден ынтымақ, береке-бірлік үшін ел бақыты үшін күрескен, ұлттың рухани құндылығын бағалаған өр мінезді дархан халық. Бұл күнде еліміз ата-бабаларымыздың аңсаған арманына қол жеткізіп, бүгінгі күні бірлігі мен ынтымағы ұйыған тәуелсіз  мемлекет болып орнықты.

          Біздің мемлекетіміз – Қазақстан Республикасын өз Отаным деп санайтын әр азаматтың этностық, әлеуметтік немесе басқа ерекшелігіне қарамастан, оларға тең мүмкіндіктер берді. Қазақстандағы көптеген қоғамдық маңызды іс-шаралардың басы-қасында жүретін этностық топтардың тілі мен дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дамытуға толықтай мүмкіндіктер жасалған. Қазақстанда ұлттарды біріктіру саясаты алға басып, Қазақстан ұлттар Ассамблеясы қалыптасып, өз шығармашылығын арттырып келеді.

          Иә, бүгінде ауыз толтырып айтатын Отанымыз бар! Елжіреп сүйетін еліміз бар! Ұшы-қиыры өлшеуге сыймайтын туған жеріміз бар! Осылардың басын қосып, атын айтсақ, ол – Тәуелсіз Қазақстан!

          Қазақстан халқы 25 қазан – Республика күнін қайтадан атап өте бастады. Ұзақ жылдар бойы ұмыт қалған Республика күні қайта оралып, халыққа үлкен қуаныш сыйлады. 2022 жылы президент Қ.К.Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Бұл бастама халықтың қолдауына ие болды. «Енді бұл мейрамды күллі ел болып, жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса тарихи қадам», — деген еді президент. 

          Тәуелсіздік – ұлы сөз, ұлы ұғым. Тәуелсіздік – қазақтың сан ғасырлық арманы еді. Біздің халқымыздың басты мазмұны да осы Тәуелсіздік жолы болатын. Тәуелсіздік жолы  — бүгінде алыс пен жақынды қосты, кешегі мен болашақты жалғады. Бұл күнде кең байтақ қазақ даласының иесі кім екенін алыс пен жақынға танытатын егемен ел болдық. Қазақ жерінің кіндігіне Ақордасын тіккен Астанамыз бой көтерді. Астана тарихы – еліміздің тарихы. Астана – мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, елдік пен тұтастықтың, бірліктің тұтқасы.

          Осындай қуаныштар мен еліміздің әрбір жетістігі біз үшін, ардагерлер үшін баға жетпес бақыт деп білемін. Керемет толағай табыс пен баянды бақытты сезінген ҚХА жанындағы Жетісу облыстық Аналар кеңесі еліміздің бүгінгі жетістігі мен алдыңғы толқын ағаларамыздың мұра етіп тастаған аманатын, ақыл-кеңесін үлгі етіп, ұрпаққа жеткізуге тырысамыз. Өйткені, қазақ халқы үшін ұрпақ өсіріп, оны тәрбиелеуден артық бақыт жоқ. Ұлттың ертеңі – бүгінгі ұрпақтың мойнында. Елге тұтқа болар елдің де көкейіндегі мақсаты осы!

          Құрметті, отандастар! Республика күні – біздің жалпыұлттық мерекеміз! Мерекелеріңіз құтты болсын! Береке-бірлігіміз артып, ынтымағымыз ырысты болсын! Егемен еліміз қарыштап дамып, жайнай берсін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!     

Алакөл ауданының Құрметті азаматы, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Дюсебаева Ұлжалғас Бурасанқызы

Мәліметпен бөлісу: