Ұрпақ саулығы үшін

Күн санап қарыштап дамып бара жатқан замандаотыз елдің санатына ілініп, алпауыт елдермен таразымыз тең болу басты мақсатымыз. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі еліміз тарихи маңызы бар көптеген сапалы реформалар жүргізді. Соның бірі Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы. Аталмыш құнды құжатта елдің жан-жақты өркендеуі үшін бірқатар тапсырмалар жүктеліп, салауатты өмір салты мен спорттың дамуына ерекше көңіл бөлінді.

Бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығының кепілі. Осы ретте Мемлекет басшысы үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырды. Сондай-ақ қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді,саябақтарды жабдықтау қажеттігін де тілге тиек етті.

Спорт – әлемге ел абыройын асқақтатын, ұлтымыздың атын шығаратын сала болып табылады.Оған көңіл бөлу – Қазақстанның беделіне назар аудару деген сөз. Ия, елімізді дүние жүзілік аренаға шығарушылардың бірі – спортшылар. Ондай жастар ауыл-аймақтардағы, қалалардағы спорт залдары мен жаттығу кешендерінен шыңдалатыны сөзсіз.

Сол себепті деЕлбасы спорт кешендерін салу, оларды қарапайым халық арасында қолжетімді ету жөнінде ұтымды ұсыныс тастады. Және ол өз сөзінде дене шынықтыру кешендеріне кіру үшін оқушыларға жеңілдік жасау керектігіне де тоқталды. Әрине бұл өз кезегінде бұқаралық спорттың дамуына оң ықпалын тигізбек.

Бір айта кетерлігі Жолдауда көтерілген мәселелер біздің ауданда да қарқынды жүзеге асырылуда. Нақтыласақ, Үшарал қаласында екі спорт кешені және жастар аллеясы мен «Астана» саябағында дене жаттығуына арналған түрлі жабдықтар орналастырылған. Сондай-ақ Қабанбай, Ақжар ауылдарының демалыс саябақтарында да осыдай құралдар орын тепкен. Әр округте спорт алаңдары салынып, салауатты өмір салтына деген көзқарас оңалуда.

Дене шынықтыру және спорт – бірінші кезекте халықтың саулығына бағытталған шаралар. Елбасымыз салауатты өмір салты әрбір қазақстандық үшін басым бағыт болуы қажет, ал біз оған жағдай жасауымыз керек дегенді бүгінде баса айтып келеді.

 

А.САДИЕВ,

аудандық дене шынықтыружәне спорт бөлімінің басшысы.

Мәліметпен бөлісу: