Рухани байлықтың мөлдір бұлағы

Ұлттың ұлт ретінде сақталып қалуына ең алдымен оның төл мәдениеті, танымы мен рухани болмысының таза қалпында қалуы маңызды. Ал бір-бірінен көбіне өз салт-сана, әдет-ғұрпымен және ұлттық санасымен ерекшеленетін елдер қозғалысында өзімізге тән мінезімізді жоғалтып алмауымыз қажет.

Әлемде бәсекелестік дамыған уақытта дамылсыз білім мен ғылымға ұмтылып отырғанымыз жөн. Ал сапалы білім руханилықтың мөлдір бұлағы екендігі белгілі.

ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар мен мол мүмкіндіктер уақыты. Үнемі қозғалыстағы заман ағысы бізді жетіліп, үйреніп отыруға әкелді. Сондықтан да қазіргі кезеңде білімнің салмағы артып, саналы жастардың қатары көбеюде. Ал дамыған отыз мемлекеттің көшіне ілесуді көздеген Қазақстан үшін бұл ұтымды дүние.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымыздың жаңғыру сүзгісінен өткізе отырып, жаңа заманның сұранысына сай рухани байытуды көздеді. Әсіресе білімнің салтанат құруы бүгінгі таңдағы сұраныстағы тақырып екендігін ерекше жеткізді.

Осы ретте Қазақстанның баянды болашағы мен кемел келешегін қалыптастыратын біз үшін білімді болу, сол арқылы әлемге «қазақ жастары» деген атты қалыптастыру маңызды міндет болып табылады. Себебі жаңғыруға ұмтылған ұлтымыз руханилықтың қайнар көзі, мөлдір бұлағы білім екендігін түсінеді.

Ал білімнің ең көп жиналған жері – кітап. Ішіне түрлі маржан, жақұтты іріктеп алып, әр оқырманының ақылын толықтыра түсетін кітаптың құны қашанда жоғары. Салмағы жеңіл болғанымен ішіндегі білімі ауыр, көлемі кіші болғанымен үйрететіні орасан оның. Сондықтан біз мектеп қабырғасынан бастап кітап оқып, сол арқылы өзіміздің адами тұлғамызды, жеке болмысымызды қалыптастыруға құлшынғанымыз дұрыс.

Р.МИРАСҰЛЫ,

М.Мыңбайұлы атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы.

Мәліметпен бөлісу: