Рухани кемелдену жолында

Жаһандық бәсекеге қабілетті бірқатар елдердің даму тарихынына зер салып, зерделейтін болсақ барлығы да ұлттық кодтары мен рухани қазыналарының сарқылмауына баса назар аударған. Бұл үрдістің біздің де мемлекетімізді сырт айналып өтпеуін көздеген Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, бірталай салаларда төңкеріс жасады. Аталмыш туындыда көрсетілген міндеттердің өңірімізде орындалу барысын пысықтау мақсатында аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында тұрақты комиссия отырысы өтті.

Алқалы жиынға аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов төрағалық етті.

Алғы сөз кезегін алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов мақалада айтылған бағыттар бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығына тоқталды. Әсіресе, «Туған жер», «Жүз жаңа есім» жобалары төңірегінде тұщымды әңгіме өрбітті.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембаева «Рухани қазына», аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Б.Серғазин «Тәрбие және білім» кіші бағдарламалары аясында баяндамаларын оқыды.

Жиынды қорытындылаған А.Абдинов қатысушыларға барынша тың жобалар ұсынып, рухани жаңғыруымыздың жолында белсенділік танытуды сұрады. Себебі, ұлт ретінде қалыптасуымызға, сол қалпымыздан құлдырамауға жұрттың рухани жаңғыруы маңызды рөл атқармақ.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: