Әлемдік ақпарат кеңістігі кеңейген сайын осы саланың сойылын соққан мамандарға деген сұраныс та арта түсті. Дидары өзгерген дәуірдің қажеттілігіне қарай билік пен бұқара арасын жалғайтын алтын көпірге айналған БАҚ қызметкерлерінің санасына салмақ түсіп, заман сүзгісі мен уақыт сыны саннан сапаға ауысуға мәжбүрледі. Зейіні ұтқыр, зердесі алғыр, ойы орамды журналистер ғана халықтың тамырын дөп басып, қоғамның қолдауына ие болуда. Талқыланып отырған тақырып төңірегінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен БАҚ-ның ықпалдылығын сараласақ, таразы басы тең түсері анық! Бұл байламымызға дәлелді сөз, дәйекті мағлұмат тастасақ!
Біріншіден, айтулы деген ақпараттың өзі алты-ақ күнде ескіріп қалатын заманда мәнді мәтінімен, мәйекті мазмұнымен кез-келген дүниеден анонс туғызатын ол әрине – журналистер! Енді, әңгіменің ауанына бажайлап қарасаңыз, ұлт руханиятын ұлылыққа жетелеген Тұңғыш Президентіміздің ордалы туындысын насихат нарығында құнды мақалаға айналдырған да осылар. Теледидар экранында, газет-журнал парақтарында, ғаламтор беттерінде, әлеуметтік желілерде жаңғыру жайлы жасампаз ойлар айтып, жағымды пікірлер жазып жүргендердің көшін қалам ұстаған қауым өкілдері бастап тұрғаны жасырын емес. Ақпараттық майдан өршіп тұрған заматта, сөзімен сауыт сөгіп, тілімен шындық шымылдығын сыпырған БАҚ қызметкерлері мақаланың ішінен мән барымталап, қоғам санасына сыналай сіңдіру жолында аянып жатқан жоқ.
Екіншіден, құнды құжат белгілі бір пішінде, арнайы мөлшерде жазылғандықтан, енді оның мазмұнын мұқым елге мәнерлеп жеткізу, әр тармағына талдау жасап артық-кемін екшеу журналистердің еншісіндегі еңбек. Елбасы жалғыз, халық он сегіз милионнан асып жығылады. Осы кезде, республика, облыс, аудан, ауыл-абанның барлығына айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрған ақпарат мамандары қызметке кіріседі. Кез-келген дүниеге деген сұранысты еселеу үшін, алдымен оған деген қызығушылықты арттыру керек. Міне, айтары алты атқа жүк болатын мақаланың маңыздылығын дәріптеп, мәніне мән үстеу, сөз бен сөйлем арасында жасырынып қалған мағлұматты ашып жеткізу қалам ұстаған қыз-жігіттердің қалауына қарай жүзеге аспақ.
Үшіншіден, сөз қадірін өз қадірінен арттық көріп, қарапайым халықтың мүддесіне қарай тірлігін түзеп, тынысын кеңейтетін БАҚ қызметкерлері қауымды оппазициялық түсініктен оқшаулап, әр істің, шешімнің, қадам мен келісімнің тиімді һәм ұтымды тұстарын екшелеп, жұрттың қалауына қайшы келетіндерінің тамырын қопаруға ұмтылады. Осы ретте сананың ашықтығы, білімнің салтанат құруы сынды құндылықтардың өктемдігін аңғарамыз. Ал, санасы кемелденген, білім межесі биікте орналасқан бір журналист мыңдаған пенденің рухын қайрап, санасының серпілуіне ұйытқы бола алатыны айдай анық нәрсе. Жаңашылдыққа құмар, жаңғыруға жаны сүйсінетін ақпарат сарбаздары эволоциялық дамуды да құп көретіні хақ. Алайда, айнадағы бейнесіне ғана емес, айналасындағы азаматтардың барлығына бағдарлы бағыт ұсынып, қоғам пікірін өзгертуге қауһарлы. Ұлттық кодтың, генетикалық жадының сақталу жолында, көненін көмбесін ақтарып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларымызды жүйелі түрде насихаттап, тарих қойнауына сіңіп, жоқ болған жағдайларды, ескіден қалған есті әңгімелерді жаңғырту да солардың мойнында.
«Прагматизм» десеңіз, түкпір-түкпірде тыпыршып жатқан ақпараттарды көзі шалып, барын жеткізе алмай, жоғын түгендей алмай отырған қоңырқай тірліктегі қоғам өмірін ашып жазып, ақтарып айтқандықтан, олар үнемшілдік пен табиғат байлығын, Тәңірден бұйырған тәбәріктерімізді тиімді пайлануды біледі һәм осы жолда танбай, талмай еңбек етеді.
Журналистердің назарынан тыс қалатын дүние кемде-кем. Қаламдарының ұшы тимеген, сияларының салмағы батпаған тақырып та аз.
Демек, Ұлт көшбасшысының ұтымды жазылған мақаласының жүзеге асуы тікелей БАҚ қызметкерлеріне байланысты. Насихатсыз дүние нақты діттегеніне көзі жетсе де, өзі жетпей, жарты жолда құр жаңғырықтың кейіпіне енеді де, уақыт талабының қойнауына сіңіп жоғала бермек. Ал, ақпарат қызметкерлерінің құптауын алғандар алпыс қырдан асса да, анықтығынан айрылмақ емес.
Осы үш дәлелге зер салып, зерделейтін болсаңыз қазақстандықтардың рухани жаңғыруында БАҚ-тың рөлі орасан зор. Әлбетте, өзі рухани кемелдену сүзгісінен өте білген журналист қана қалың елге жаңғыру бағытын қалтқысыз нұсқай алады.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ!