Жуырда аудан әкімі Ә.Жақанбаев Ырғайты ауылдық округі, Ақши аулына арнайы ат басын бұрып, жаңа теміржол вокзалының құрылыс барысымен танысып қайтты.
Еске сала кетсек, тамыз айының соңында аталмыш мекеменің құжаттары толықтай рәсімделіп, келісім шартқа қол қойылған болатын. Жалпы құны 201000,0 мың теңгені құрайтын нысанның іргетасын көтеру құқығын «Кам Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алған. Бұл жердегі жұмыстар жуырда басталғандықтан әлі де істелінетін шаруа шаш етектен. Алайда, мердігер компанияның бас инженері А.Қабдулин жоспарланған уақытқа дейін вокзал құрылысын аяқтайтындарын жеткізді.
Жұмыс барысымен түбегейлі танысқан өңір басшысы Ә.Жақанбаев: «Сіздерге өте жауапты іс тапсырылып отыр. Келешекте вокзал қызметкерлері бір ауысымда 100 адамға дейін қабылдамақ. Бұл өз кезегінде көл жағалауына келіп демалушылардың санын арттырып, туризм саласының дамуына тың серпін сыйлары хақ. Ал ауданымыздың оң имиджінің қалыптасуы сәні мен сәулеті жарасқан ғимараттарымен астасып жатқаны жасырын емес. Сапарлай келген меймандарымыз ең алдымен көздерімен баға берерлерін ұмытпаңыздар»,- дей келе құрылысшыларға әр істерін үтір, нүктесіне дейін ойластырып, жеті реп өлшеп, бір мәрте ғана кесулерін тапсырды.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.