
Бүгін аудан әкімі А. Абдинов аудан көлеміндегі жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын аралап, құрылыс нысандарының бүгінгі жағдайымен танысып, жай-жапсарын анықтап қайтты.
Өңір басшысы алдымен, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына көз жеткізу мақсатында Көктұма ауылының орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылысы барысымен танысып, мердігер мекемемен жүздесіп қайтты.
2000-ға жуық тұрғыны бар Көктұма ауылында 2012 жылы салынған орталықтандырылған ауыз су жүйесі ескіріп, тозығы жеткен. Тіпті, ауыз су жүйесінің қуаттылығының төмендігінен ауыл тұрғындары дұрыс ауыз суды тұтына алмаған.
Аталған мәселені аудан басшысы назарға алып, ауыл халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жаңа орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылысын қолға алды.
Ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын мердігер “Karat ZET” ЖШС-гі сапалы жүргізуде. Бүгінде, орталық су жинау алаңын абаттандыру жұмыстары қызу атқарылуда. Күз айларының соңына дейін ауыл халқының игілігіне беру жоспарлануда.
Өңір басшысы “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” пилоттық ұлттық жобасы аясында салынып жатқан Жайпақ, Бескөл ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория мен Қайнар ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің де құрылыс жұмыстарын бақылап қайтты. Ауылдарда жыл сайын халық саны көбейіп келеді. Сондықтан халыққа тұрақты әрі сапалы қызмет ететін ғимараттардың жақсара түсуі заңдылық.
Жаңадан салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс жұмыстарын мердігер “Ritm stroy EK” және “ЖВК” ЖШС-гі атқаруда. Бүгінде, құрылыс аумақтарында котлован қазылып, нысанның іргетасы қаланып, тегістеу жұмыстары басталды.