Өңіріміздің тоқсан жылдығына орай З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде ҚР өнер қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Алакөлдің ақтаңгер ақыны, жазғандарының арасына сөз сыймайтын жерлесіміз, әр жол өлеңін апталап талдауды қажет ететін С.Иманасовтың жыр кеші ұйымдастырылды.
Алакөлдің толқынындай қуатты, Тентек өзеніндей арынды, мәні мен мағынасы бөлек жыр өріп, туған жерінің тұғырын туындылары арқылы тіктеген текті ақынның кешін ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облысы мен ауданның Құрметті азаматы А.Кендірбекұлы жүргізді.
Шараның шымылдығы Сәкен Құсайынұлының өмірі мен еңбек жолы хақында түсірілген бейнефильммен ашылды.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Жақып: «Әлемді билейтін – сөз, сөзді билейтін – ақын. Талантпен, талғаммен қоса табандылықты, азаматтықты қажет ететін ақын болу – қиынның қиыны. Азаматтық жоқ жерде ақындықта жоқ дегендей, дүниеге бір жарықшақ түссе алдымен жүрегі жараланатын аймүйіз айтулы ақынның бірі – Сәкен Иманасов еді»,- дей келе, туғанына сексен жыл толып отырған ақынның ғибратты ғұмыры жайында сыр шертті.
Келесі кезекте мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Е.Жүніс, ауданның Құрметті азаматы Т.Садиев, ақынның жары Мариам анамыз сөз алып, естеліктерімен бөлісті.
Артынша С.Иманасовтың сексен жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жүлдегерлерін аудан әкімі Ә.Жақанбаев марапаттап, сыйлықтарын табыстады.
Жыр додасында үшінші орын С.Қазиев пен Қ.Бейсебайға, екінші орын Ә.Ысқабайға, бірінші орын А.Аймағанбетовке бұйырса, бас жүлдені жерлесіміз А.Құттыбек еншіледі.
Шара соңында Сәкен Құсайынұлының сөзіне жазылған әндер шырқалып, қонақтар ұмытылмас кештің куәгері болды.
А.ЕСЕНБЕКОВ.