Сары белбеу табысталды

Алакөл өңірінде екі жыл бұрын түңлігін түрген тхэквондо спорт үйірмесінің осы уақыт аралығында жеткен жетістіктері мол. Облыс көлемінде үздіктер көшін бастап, республикалық додаларда да бап пен бақ таласына түсуде.

Еткен еңбек – нәтижесімен бағалы. Осы ретте жас бапкер Айдос Ыбраевтың шәкірттері сары белбеуге сынақ тапсырып, жаңа белеске аяқ басты.

Аталған шараға Жетісу облыстық мәслихатының депутаты, облыстық Тхэквондо федерациясының президенті, қара белбеу 5-дан иегері Қайыр Қабыланбайұлы, облыстық мәслихат депутаты, спорт жанашыры Алмат Садиев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші, қара белбеу 5-дан иегері Ғани Ибраимов, тхэквондодан облысымыздың бас бапкері, халықаралық дәрежедегі төреші, қара белбеу 5-дан иегері Берікжан Құттыбаев арнайы келіп, спортшыларды қуантты.

Мемлекеттік әнұранмен шара шымылдығы ашылғаннан кейін Қайыр Қабыланбайұлы тхэквондо спорты жайлы, облысымызда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті. Алмат Садиев Алакөл өңірінің спорттағы потенциалы, қазіргі жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер төңірегінде сөз қозғады. Ғ.Ибраимов пен Б.Құттыбаев сынақ тапсырушыларға сәттілік тілеп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Артынша, сары белбеуге тапсыру сынағы басталып, үйірменің ең кіші тәрбиеленушілері алғашқы болып білген-түйгендерін көрсетті. Жас ерекшелігі бойынша спортшылар тхэквонда ережесіне сәйкес аяқпен-қолмен соққы жасау тәсілдерін көрсетіп, төрешілердің сұрақтарына жауап берді.

Сынақ соңында облыстан келген қонақтар спортышларға сары белбеу мен арнайы анықтама карточкалары мен сертификаттарын табыс етіп, алдағы қадамдары қарымды болсын деген тілектерін жеткізді.

Жалпылай алғанда 43 бала сары белбеу алып, өз біліктіліктерін көтерді.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: