Сексен екілердің сыйы

Қазіргі таңда 10-20-30 жыл бұрын мектеп тәмамдап, бүгінде бір-бір жанұяның тұтқасын ұстаған азаматтардың арасында мектеп бітірудің мерейлі мерекесіне орай қайырымдылық шарасын ұйымдастыру сәнге айналды. Бұндай құбылыс Ырғайты ауылдық округіне қарасты Көктұма елді мекенінде де орын алды.

«82-лердің сыйы!» Бүгінде Көктұма ауылында жалауын желбіреткен игілікті істі осылайша айтуға болады. Себебі мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай көктұмалық азаматтар бірауыздан қаражат жиып, көпбалалы жалғызбасты ана Ч.Марханға үш бөлмелі үй тұрғызып берді. Алғашында айтылған сөзден тамыры тарап, округ әкімінің жер бөліп, ықпалдасуымен сәні мен салтанаты жарасқан баспананың құрылысшылар екі айдың ішінде салды.

Мектепке яки ұстаздарына арнайы сыйлық жасап, үйреншікті үрдіс бойынша мектеп бітіру кешін тойлауға да болатын еді. Алайда аузында Алласы, жүрегінде иманы бар бұл азаматтардың өмірге деген көзқарасы өзге екен. Олар бірауыз сөзге ұйып, жұмыла сауапты істі көтерді. Соның арқасында енді көздері жәутеңдеген бүлдіршіндердің басында баспана бар.

Бұл игілікті істен үлгі алған ауыл тұрғындары да қоныс тойын тойлаушыларға азды-көпті сыйлықтарын беруде. Солардың бірі ретінде ауылдық амбулаторияның қызметкерлерін, яғни ақ залатты абзал жандарды айтуға болады. Олар да өз аттарынан жалғыз басты анаға арнайы тарту-таралғысын беріп, құттықтап келді.

Талай жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп жүрген ананың көңілінде қуаныш, балардың езуінде күлкі. 82-лер сыйлаған бұл шаттықтың арқасында күллі көктұмалықтардың санасында үміт сәулесі тұтанғаны мәлім.

Округ әкімі Д.Мұқабаевтың сөзіне сайып келер болсақ, дәл осындай тағы да жоспарлар бар. Барлығына тек уақыт төреші. Алдағы уақытта тағы да бір отбасы қоныс тойын тойлайды деген ойдамыз.

А.АСХАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: