Жуырда Алакөл техникалық-гуманитарлық колледжінде аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің мамандары мен колледж мейірбикесінің ұйымдастыруымен «Қатерлі ісікке қарсымыз» атты семинар өтті.
Оған білімгерлер, ұстаздар мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.
Шараның мақсаты мемлекеттің ең басты байлығы адам және оның денсаулығы екенін ескере отырып, ересек тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жан-жақты түсініктеме жұмыстарын жүргізу, қатысушылардың өмірге деген құлшынысын арттырып, болашаққа деген сенімдерін күшейту болды.
Жалпы тәжірибелі дәрігер Д.Сағынбаева «Онкологиялық аурулардың алдын алу» тақырыбында баяндама оқыды. Онда қатерлі және қатерсіз ісіктер мен олардың ерекшеліктері, ауруды тудыратын вирустар, ересек адамдарда және балаларда жиі кездесетін қатерлі ісіктер жайлы түсіндіріп өтті.
Психолог Ә.Әліпбекова: «Елімізде айықпас аурулардың саны соңғы жылдары күрт өскен. Қант диабеті – 31,1%, жүрек – қан тамыр аурулары – 16%, онкологиялық аурулар – 2,4%. Сырқат көбіне ретсіз пайдаланатын тағамдардан екені мәлім. Мысалға, күнделікті қолданып жүрген газды сусындардың құрамында метилимидзол, аспартам қоспалары бар. Олар қанттың орнына жүретіндіктен бағасы өте арзан болып келеді. Сол себепті көп мөлшерде қант алғанша, осы қоспаларды сатып алған жеңілірек. Ал бұл қоспалар көптеген қауіпті ауруларға әкеліп соғады»,-дей келе, барша қатысушыларды салауатты өмір салтын ұстануға, дұрыс тамақтануға және белгіленген уақытта скриниг өтіп тұруға шақырды.
Артынша колледж студенттері флеш-моб билеп, презентация мен бейнероликтер көрсетелді.
М.НҰРҚАСЫМОВА.