Тіл – адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»,- деген болатын. Елбасының үштұғырлылық саясаты арқасында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінгі таңдағы келелі мәселелердің бірі болып отыр.
Бақшамыз тиіп, керегеміз қатар орналасқан орыс халқының тілін меңгеру меніңше бізге қиын соқпайды, бүгіннің өзіндееңкейген қарт пен еңбектеген бала да орысша сайрап тұр. Ендігі міндет ағылшын тіліне бет бұру, сол арқылы әлем кеңістігіне қарай жол салу.
Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына көтерілген қазақ әліпбиін латынтандыру саясаты өте қолайлы болмақ. Себебі күнделікті қолданысқа түскен жаңа қаріп, әсіресе жас ұрпақтың санасына сіңіп, оның ағылшын тілін үйренуге көптеген септігін тигізбек.
Білім саласындағы үштілділік жүйесі ел болашағының кепілі. Сондықтан да бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуде. «Үш тілде білім беру» саясаты қазіргі таңда балабақшадан бастап, мектеп, арнаулы орта, жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып жатыр. Балабақша, мектептен бастау алып, ағылшын тілін меңгеріп жатқан жеткіншектерге бұл үдеріс аса қиындық тудырмайтыны анық. Қазіргі заманауи оқу ордаларында ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылады.Сонымен қатар бұл тілді тек арнайы мектептің оқушылары ғана емес, қалалар мен шалғай орналасқан ауылдар да жетік білуіне жол ашылып жатыр.
Шәкіртінің білімді болмағы мұғалімінің тікелей біліктілігіне байланысты. Сондықтан да жоғарғы оқу орындарында болашақ жас мамандарды да шет тілін кәсіби деңгейде оқыту басты орында тұр. Яғни әрбір студент өз мамандығына байланысты шет тілін жетік меңгеріп, одан әрі қарай дамыта алады. Сондай-ақ шет мемлекеттерге шығып, мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндігі зор.
Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру – бұл ең алдымен болашақтың негізі.
Тіл – халықпен бірге өмір сүріп, дамиды. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Әрбір Қазақстандық үш тілді жетік меңгеруі керек. 2020 жылға дейін ағылшын тілін білетін тұрғындар саны біршама көбеюі қажет»,- деп баса айтқан еді. Сондықтан да ана тіліміздің мәртебесін сақтай отырып, өзге де тілдерді меңгеру біз үшін үйреншікті дүниеге айналғаны жөн.
Ұ.КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті.