Ұшқыр ой мен тіл

Тілдің тұғырлығы тұтастай бір мемлекеттің беделімен, оның арғы аяқ алысымен сабақтасып жатқандығы мәлім. Себебі «тіл» тек қатынас құралы ғана емес, ол әр ел мен ұлттық төл мінезі мен мәдениетін, ділі мен түсінігін танытатын дүние. Осы ретте қазақ ұлысының, қазақстандықтардың бітім-болмысын айшықтап, олардың бар қасиетін паш ететін «Қазақ тілінің» беделін биіктету 27 жылдық тәуелсіз тарихы бар Қазақстан үшін кейінге шегерер іс емес.

Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінде ана тіліміз өзге дәрежеге көтеріліп, уақыт өткен сайын жаңырып келеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тағылымды туындыда көрсетілгендей, қазіргі таңда қазақ әліпбиінің латын графикасына негізделген нұсқасы бекітілді.

Осы ретте ұлт биігін ұлықтаған ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, тұрғындардың ойлау қабілеттерін, тапқырлықтары мен шапшаңдықтарын, танымдық белсенділіктерін арттыру мақсатында «Ұшқыр ой мен тіл» тақырыбында байқау ұйымдастырылды.

Оған аудандағы бөлім, мекеме қызметкерлері қатысып, өздерінің білім, біліктіліктерін сарапқа салды.

Додағы барлығы 9 құрама тіркеліп, 4 кезеңдік сынақ бойынша сараланды.

Алғашқы бөлімде қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, тапқырлықтарын танытты. Ол жерде қазақ тілі, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері жайында түрлі сауалдар қойылды.

Екінші кезеңде берілген мақал-мәтелдің жалғасын тауып, оны латын қарпінде жазу шарты қойылды. Бұл сынақта да құрамалар тосылып қалмай, барларын салды.

Үшінші «Суреттер сөйлейді» кезеңінде Қазақстанды сакралды жерлері бойынша лэд экраннан арнайы суреттер көрсетіліп, үміткерлер бейнеленген жердің атауы мен тарихын баяндады.

Соңғы сынақта олар өз өнерлерін паш етіп, З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінің сахнасы әнмен тербетіліп, жырмен әлдиленді.

Жарыс соңында сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембаева туған тіл түсінігің әр қазақстандық үшін маңызды екендігін, оның беделі мен абыройын теңселпеуде әр азамат аянып қалмау керектігін жеткізіп, жүлдегерлерді марапаттады.

Байқаудың қорытындысы бойынша аудандық білім бөлімі бас жүлдені қанжығаласа, бірінші орын Үшарал қалалық округі әкімдігіне бұйырды. Ал екінші орынды аудандық кітапхана мен АГТК құрамасы, үшінші орынды «КазТрансОйл», аудандық орталық аурухана мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің командалары өзара бөлісті.

Жүлдегерлерге арнайы диплодар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: