
Әр адамның тұлғалық қасиеттерін ұлғайтып, қоғам арасындағы беделін өсіретін бірден бір артықшылық – еңбек. Қай заманды алсаңыз да ел мүддесін көздеген қызмет, халық пайдасына жараған істің өтеуі – бұқараның құрметімен сабақтасып жатады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өзінің саналы ғұмырының басым бөлігін адал еңбекке арнап, қауым ортасында аса биік сыйға ие болған азамат.
Адал еңбек – жүздің емес, мыңның ішінен таңдап беретін тәңірдің ұлы сыйы. Халыққа қызмет ету – адамға туа бітетін өте сирек қасиеттердің бірі. Өмірдің шапағатын, ғасырдың ғаламатын, тағдырдың тамашасын, уақыттың бағалысын сырлы жанарымызбен, қымбат қалауымызбен, сәтті, сәтсіз қадамымызбен әркім өзінің жазмышына орай көріп, біліп, сезініп келеді. Қандай да бір дүние ұғымын ұғыну жолында жазылып кеткен, сиясы кепкен, өткеннің ескірсе де естен кетпес естелік жәдігері болған жазушы, ғалымның, атақтының адуынды афоризіміне, абырой жолындағы әрекетіне, керемет кітабына көз салмау, оны санаға сіңірмеу, мән бермеу мүмкін емес. Өзгеден үлгі алу арқылы болашаққа бет бұруда өзіндік үлгі қылып қырға шығуда, адамдық тегіс жолда алға жүруде жетістіктің жарты бастауы танымалдылық төрінде көзге түскен алып та абыройлы тұлғалардың қадамына қызығып, сол жолда төккен теріне, еткен еңбегіне таңданып, еліктеп жатамыз.
Адамды жан тыныштығына зар қылып қоятын қауіпті дерттің бірі – халыққа қызмет. Ойдың дәнегі өзегіне түсіп кетсе болғаны ол бүршік атып, адамның пенделік азаттығы кісенделіп, бүкіл сезімін, ақыл-ойын, ерік-жігерін билеп-төстеп алатын шығармашылығының тұтқынына айналады да қалады. Әлемге әйгілі қаламгер Габриэль Гарсиа Маркес «Өмірді жырлау үшін өмір сүру» атты естеліктер кітабында жазу үстеліне отырмау үшін үнемі сылтау іздеп өткенін жасырмапты. Өйткені, құйрығы орындықты иіскеген күннен бостандығы құрықталатын қаламгер айлар, кейде жылдар бойы мүлде басқа әлемде өмір сүріп, тәуелсіздіктің таза ауасымен тыныстай алмай, рахат іздеген жанын тар бөлмеде тұншықтырып, өз еркімен оны шығармашылықтың түрмесіне қамайтын көрінеді. Шәкіртке білім беру дегеніміз бақыт қана емес, сонымен бірге, «Адам жүрегіндегі туған асыл сезімдеріңнің бәрін жалмап жеп қоятын – қауіпті дерт» екенін Бальзак та жақсы түсінген. Біздің кейіпкеріміз Байкал Нығыметұлы да сондай, өзінің қызметіне жан-тәнімен берілген, саналы ғұмырын толықтай арнаған арда азамат.
Біздің ғұмырлық сапарымыз ел үшін еткен еңбегімізбен айшықталып тұратыны айқын. Себебі, артыңда қалған ізің неғұрлым ізгілікке толы болса, сол жолды салған адамның аты да мәңгілік бола бермек. Әсіресе, халық мүддесін көздеп, өмірінің басым бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз атаулының еңбегі өшпес мұра. Сондай тұғырлы тұлғалардың қатарында Алакөл көпсалалы колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Шаяхметов Байкал Нығыметұлының ерекше атап өтуге болады. Биыл кейіпкеріміз зейнеттік жасқа жетіп, мерейлі мейрамның мінберіне шығып отыр.
Бүгінде айдынды өңіріміздің әр тұрғынына, одан қала берді облыс пен республикада өзіндік атақ-абыройы қалыптасқан Байкал мырза 1961 жылы 4 сәуірде жазиралы Жайпақ ауылында дүние есігін ашқан. Бала күннен белсенді, үлкендердің атқарған жұмысына тыңғылықты қарап, өзі де үй шаруасына икемді қолғабыс ететін қағылез азамат болып ержетті. Білім ордасындағы ұстаздарын өнеге тұтып, болашақта мұғалім мамандығын мақсат етіп, 1984-1987 жылдары Талдықорғандағы ТИПТ-де техник-механик және өндіріс шебері мамандығын алды. 2002-2007 жылдары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі мұғалімі дипломын қолына ұстады.
Еңбек жолын Жайпақ ауылында жүргізуші болып бастағанымен, жоғары білім алған соң 1987 жылдан бастап Алакөл көпсалалы колледжінде өндіріс шебері, механик, жатақхана коменданты, аға шебер, дене тәрбиесі мұғалімі, АӘД пәнінің ұстазы болды. 2012 жылдан бері аталған оқу орны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Колледж ұжымында табан аудармай 38 жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаз, білікті маман, ең бастысы ұрпақ тәрбиесіне ат төбеліндей мол еңбек сіңіріп отырған тұлға.
Әр адам өз еңбегімен бағалы, соған қарай халықтың да алғысына бөленері сөзсіз. Байкал Нығыметұлы да өзінің қызметтік сапарында елдің ыстық ықыласына молынан бөленіп, басшылық тарапынан да талай марапат міндеріне көтерілді. Ы.Алтынсарин медалін кеудесіне тақты, Жетісу облысы әкімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарын, Білім минстрінің, Елбасының, «Нұр Отан» партиясы басқармасының, аудан және қала әкімінің Алғыс хаттарын иеленіп, «Егемен еліміздің үздік ұстазы» атты республикалық байқауда жеңімпаз атанды.
Қызмет жолы қаншалықты қиын болғанымен Байкал мырза отбасылық өмірді екінші орынға қойған емес. Жан жары Күлімхан Түсенқызы екеуі екі перзент өсіріп, бары тағылымын соларға арнады.

Қыздары Асем аудандық орталық ауруханасында бухгалтер қызметінде. Ұжымына сыйлы, халыққа абыройлы маман. 4 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана. Жолдасы Жарас екеуі қазіргі таңда ұрпақтарына бар тәлімін арнап, олардың аталары секілді арда тұлға болуларына барын салуда.

Ұлдары Бағдат әкесінің жолын жалғап, ұстаздық дейтін ұлағатты қызметтің тұғырын көтеріп отыр. Жастарды білім шыңына сүйреуде өзіндік еңбегімен танылып жүрген азамат. Келіншегі Мөлдір екеуі қос ұлдың маңдайын иіскеп, бойларына өнеге дарытуда.

Алты немеренің қызығына батып отырған Байкал Нығыметұлы бейнетінің зейнетін көретін жасқа жетті. Тұғырлы тұлғаның мерейлі мерекесі атақ-абыройын асқақтатып, даң-дақпыртын үстем ете берсін.

Мінсіз өмірдің иесі болған Байкал мырза еліне әлі де талай еңбек сіңірері сөзсіз.
Алакөл ақпарат.