Шекарашыларды жылы әсерге бөледі

ҰҚК Шекара қызметінің 30 жылдығын Алматы облысы бойынша департаментінің жеке құрамы мерекелік шара әсем қаламыздың «Алатау» дәстүрлі өнер театрында атап өтті.

Мерекелік шара өзінің қонақтарын шекарашылардың ел шебіндегі қызметін бейнелейтін көрмемен қарсы алды. Бүгінгі шараға жиналған қауым көрмені тамашалап, осында естелік суретке түсіп жатты. Бұқаралық ақпарат өкілдері Алматы облысы бойынша департаментінің басшылығынан, ҰҚК Шекара қызметінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан аға буын ардагерлерден осы жерде сұхбат алды.

Сонымен, көпшілік қауым тағатсыздана тосқан мерекелік рәсім еліміздің Әнұранымен ашылды. Бұдан әрі бірінші болып сөз алған ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюпов жеке құрамды Шекара қызметінің атаулы мерекесімен құттықтап:

– Осыдан 30 жыл бұрын 18 тамызда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Шығыс Шекара округінің базасында Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері құрылды. Содан бері қазақстандық шекарашылар еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей күзетіп келеді.

Алматы облысы бойынша департаменті жеке құрамының ел шебін қорғау ісінде қол жеткізген жетістіктері мол. Мысалы, жыл басынан 2 мыңға тарта шекара режімін бұзушы ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде, 15 миллионнан астам теңге мемлекет қазынасына қайтарылды. 16 мемлекеттік шекара режімін бұзушы ұсталып, 15 қару-жарақ пен 30-ға тарта оқ-дәрі тәркіленді. Сонымен қатар есірткі затын, атап айтқанда, «марихуананы» дайындаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. біз – тек қызметтік-жауынгерлік іс-қимылда ғана емес, күнделікті өмірдің ыстық-суығында да бірге екенімізді көрсеттік. Бізді біріктіретін, ерліктер мен жетістіктерге бастайтын – бір-бірімізге деген достығымыз, Отанға деген көзсіз махаббатымыз. Біз иық тірестіріп тұрғанда ел шебі берік, аумағы тұтас болмақ, – деді.

Мұнан кейін сахна төріне шыққан Шекара қызметінің аты аңызға айналған саңлақ сардары отставкідегі генерал-майор Қ.Берқалиев ел шебінің қалыптасуына тоқталды. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарындағы шекарашылар бастарынан кешірген қиындықтар туралы айта келіп, аға буын ардагерлердің шекара соқпағына түскен жас шекарашылардың Отан алдындағы қызметтеріне алғыс білдіріп, меркелерімен құттықтады.

Аңыз генералдың жұртшылық алдындағы сөзін пісенттей түскісі келгендей, жұртшылықтың назарына ұсынылған бірнеше минуттық бейне ролик Шекара қызметінің 30 жылдағы қызметін қатысушылардың көз алдына әкеліп еді…

…Мерекелік концертті «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ашып, әрі қарай кешті «Ұлытау» секілді еліміздің танымал өнер қайраткерлері жалғастырды. 

Шекарашы офицер мен жан жары туралы сахналық көрсетілім де көрермендердің көзайымына айналып қана қоймай, ел шебінде бүгінгі күннің батырлары қызмет атқаратынын, ал олардың жарлары – тылдағы сенімді серіктері екенін паш етіп еді…

Бүгінгі мерекелік шараның есте қаларлықтай өтуге шекарашылармен бірге еліміздің оңтүстік астанасындағы әкемтеатр атанған М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық театрының, Республика Сарайының және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының майталман шығармашылық ұжымы бір кісідей сүбелі үлес қосты.

Осылайша, бүгінгі тамаша кешті Шекара қызметінің Әнұранына айналған «Біз шекарада» әні аяқтауға тиіс болатын. Атағы елімізге ғана емес, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Шекара әскерлеріне жайылған әнді зал толы көрермен де орындарынан тік тұрып, қол шапалақтап, құрмет көрсеткен. Тек, мерекелік шараны жүргізушілер қалың жұртшылықты елең еткізетін тосынсый дайындапты… Сөйтсек, бізбен бірге залда бүгінгі күннің батыры да отырыпты. Әрине, Шекара қызметінің сапында қызмет атқаратын бүгінгі күннің батырлары аз емес. Дегенмен, кеш жүргізушілері атын атап тұрып, сахнаға шақырған офицердің осыдан бірнеше жыл бұрын жасаған ерлігі туралы қалам тербеу мүмкін емес еді… Дәлірегі, бұл – жол апатына түскен жанды ажал аузынан алып қалған Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары подполковник Ж.Байсақанов болатын. 

Міне, осылайша, ҰҚК Шекара қызметінің 30 жылдық мерекесін Алматы облысы бойынша департаменті лайықты қарсы алып, шекарашыларға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.

Мәліметпен бөлісу: