Үштөбе теміржол вокзалы жаңғыртылды

Үштөбе қаласындағы теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков, ауданның Құрметті азаматы Сейілхан Беков, қала тұрғындары, жолаушылар мен қонақтар қатысты. Вокзал алдындағы алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Салтанатты шара барысында Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков жаңарған нысанның ашылуымен тұрғындарды құттықтады. Ал Қаратал ауданының Құрметті азаматы Сейілхан Беков өңір тұрғындары атынан билік өкілдері мен «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басшылығына инфрақұрылымды дамытуға және халыққа қолайлы жағдай жасауға көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс білдірді.

default

Вокзал кешенінің жалпы ауданы 1110 шаршы метрді құрайды. Жер учаскесінің аумағы 3354 шаршы метр. Жобаның жалпы құны 1,585 миллиард теңге. Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың бірқатар құрылымдары демонтаждалып, темір бетонды қаңқа орнатылды. Перрон қайта жаңғыртылып, вокзал аумағы абаттандырылды. Ғимараттың сейсмикалық төзімділігі күшейтіліп, сыртқы инженерлік желілерге қосылды. Ішкі кеңістікте жаңа қалқалар орнатылып, нысанның инфрақұрылымы жаңартылды.

Вокзалда жолаушылардың қауіпсіздігіне де ерекше мән берілген. Нысанның ішкі және сыртқы аумағы бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

Үштөбе стансысындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайыр Ендібаев:

Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін вокзалдағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ішкі және сыртқы аумақтың барлығы бейнебақылау камераларымен қамтылған. Сонымен қатар кезекші наряд қызметкерлері тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл кез келген штаттан тыс жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, – дейді ол.

Жаңарған вокзалдың ашылуына арнайы келген жолаушылар да нысанның өзгергенін атап өтті. Евгений мен Карина есімді жас жұбайлар салтанатты шара туралы әлеуметтік желіден біліп, пойыз жөнелтілуіне дейін вокзалға ертерек келген.

Біз бұл вокзалда шамамен 5 жыл бұрын болғанбыз. Ол кезде ғимараттың іші тарлау көрінетін. Қазір кең әрі жарық. Жөндеу жұмыстары жақсы жүргізілген. Мұндай жағдайдың жасалғанына қуаныштымыз, – дейді олар.

Жаңартылған вокзал жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, олардың стансыда қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда болуына мүмкіндік береді. Нысандағы күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, вокзал қазіргі таңда жолаушыларды қабылдауға дайын.

Медет ЖҰМАБАЙ

Мәліметпен бөлісу: